5 жылда 1200 жолаушылар вагоны сатып алынады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

5 жылда 1200 жолаушылар вагоны сатып алынады

26.11.2024

Қазақстан темір жолының төрағасы Нұрлан Сауранбаев пойыздардың жиі кешігетіні үшін қазақстандықтардан кешірім сұрады. Бүгін Үкімет отырысында ол теміржолдағы қолайсыздықтардың себебін де түсіндірді. Жалпы қазір жолаушылар вагонының 44 пайызы тозған. Вокзал ғимараттарының да жағдайы нашар. 59 негізгі теміржол вокзалының 54-і жөндеуді талап етеді. Қазақстанның транзиттік ахуалы талқыланған жиыннан Оңғар Алпысбайұлы баяндайды.

Қазақстанда теміржол десе тозығы жеткен вагондар, кестеден кешіккен пойыздар қатар айтылады. Мереке күндері билеттің болмай қалуы да қалыпты құбылысқа айналған. Жолаушыларды тасымалдайтын вагондардың тең жартысына жуығы әбден ескіргендіктен, алдағы 5 жылда 1200 жолаушылар вагоны сатып алынбақ. Жайлы вагондар жолға шыққанымен билет қымбаттамайды деп отыр Көлік министрі.

Марат Қарабаев, ҚР Көлік министрі:

1 қазаннан бастап жолаушылар пойызының бағасы қымбаттады. Одан басқа қымбаттау алдағы уақытта жоспарланып отырған жоқ. Алдағы мерейлердің барлығында пойыздың бағасы тұрақты болады.

Соңғы уақытта жолаушылар пойызының кестеден кешігуі жиілеп кеткен. Олжас Бектенов ҚТЖ төрағасынан жағдайды түсіндіруін талап етті.

Нұрлан Сауранбаев, «Қазақстан темір жолы» АҚ басқарма төрағасы:

Осы жағдай жол жөндеу жұмыстары және жолаушылардың қауіпсіздігіне байланысты. Соңғы жылдары біз жол жөндеу жұмыстарын 2 есе көбейттік. Жолаушылардың алдында кешірім әрі жағдайға түсінікпен қарауды сұраймыз.

Қазір қолданыстағы 1800-ден астам локомативтің 61 пайызы ескірген. Сондықтан алдағы 3 жылда 600 ден астам локоматив сатып алынбақшы. Жүк вагондарының жағдайы да осыған ұқсас.

Биыл 10 айда теміржол арқылы 263 млн тоннадан астам жүк тасымалданған. Өткен жылғымен салыстырғанда өсім 3,5 пайыз. Ішкі тасымал да 11 пайызға артқан. Транзиттік жүк тасымалының көлемі өткен жылдың деңгейінде, яғни 22 млн. 400 мың тонна.

Биыл Халықаралық транскаспийлік бағыты бойынша тасымал көлемі 68%-ға өсіп, 3 млн. 800 мың тоннаға жеткен. Теміржол арқылы тасымалданатын транзиттік жүкті көбейту мемлекетке табыс әкелетін бағыттардың бірі. Сол үшін қазір 4 ірі жоба қолға алынып, жаңа жолдар салынып жатыр. 5 жылдың ішінде 11 мың шақырым учаске толық жөнделмек.

Олжас Бектенов, ҚР Премьер-министрі:

Орталық Азия елдерінің көпшілігі өз инфроқұрылымын дамытып, халықаралық көлік бағыттары ойыншыларының қатарынан орын алуға талпынып отыр. Сондықтан ел аумағындағы инфроқұрылым мүмкіндіктерін арттыра түсуіміз керек. Кедергілер мен шектеулерді алып тастап, шығыс-батыс бағытындағы транзиттік тасымал көлемін ұлғайту қажет.

Жоғарыда айтылған проблемаларды шешу үшін теміржол тасымалын дамытудың 2029 жылға дейінгі тұжырымдамасы қабылданған. Көлік министрі бұл құжат саладағы барлық проблеманы жылдам шешуге мүмкіндік береді деп отыр. Нәтижесі уақыт еншісінде.

Оңғар Алпысбайұлы


Хабарламаларға жазылу