Жетісу облысында Аграрлы несие корпорациясының «Агробизнес» және «Кең дала-2» бағдарламалары шаруалардың кәсібін ширатып, мол өнім алуына мүмкіндік беріп отыр. Биыл қаржы институтының өңірлік филиалы жалпы сомасы 12 млрд теңгеге жуық 613 жобаны қаржыландырды. Мұнан бөлек 780 млн теңгенің 54 жобасы мақұлданып, 3 млрд 200 млн теңгенің 70 жобасы қарастырылу үстінде.
«Кең дала-2» бағдарламасымен былтыр алған қаржысына жерін жыртып, тыңайтып жатқан шаруалардың бірі Қалибек Алпысбаев. Қожалық жетекшісі биыл 350 гектарға қант қызылшасын сеуіп аста-төк өнім алды. Гектарынан орта есеппен 600 центнерден айналуда. Бағдарламаның ұтымды тұсы небәрі 5 пайызбен берілетін несие келер жылдың көктемгі дала жұмыстарына тыңғылықты дайындалуға мүмкіндік береді.
Қалибек Алпысбаев, шаруа қожалығының жетекшісі:
Қаңтар айында жұмыс басталмай жатып, керекті өзімізге қаражатымызды, жабдықтарымызды, тыңайтқышымыз болсын, гербецид, жанар-жағармай, қосалқы жабдықтарды бәрін алып, көктемгі дала жұмысына сақадай сай отырамыз. Сонысымен қолайлы болып отыр.
«Агробизнес» бағдарламасы ауылшаруашылығы тауар өндірушілердің барлық бағыттарын қарастырса, «Кең дала-2» тек егін егетін шаруашылықтарға арналған. Бұл жобаның тағы бір қолайлы тұсы шаруа кепілдікке игеріп отырған жерін де қоя алады.
Азамат Қашағанов, аграрлық несие корпорациясы жетісу облыстық филиалының бөлім басшысы:
«Кең дала-2» бағдарламасы бойынша, ағымдағы жылы біз 4 млрд теңге қаржы игерілген болатын. Және оған келесі жылға қосымша 2 млрд теңге тағы қаржы бөлініп отыр. 2025 жылға алайын деп құжат тапсырып жатқан фермерлер, қаржының 50 пайызын 25-ші жылдың 1 желтоқсанында төлейді. Ал қалған 50 пайызын 2026 жылдың 1 наурызында төлейді.
«Кең дала-2» бағдарламасымен алынған қаржыны шаруа басқа мақсатқа қолдана алмайтынымен де ұтымды. Яғни тек егістікке қажет шығындарын ғана төлейді.
Қуаныш Қанатұлы
