Спорт саласына вертикалды басқару жүйесін енгізу шаралары басталды. Өңірлерде жан-жақты талдау жүргізу үшін министрлік жанынан арнайы топ құрылған. Бұл туралы Президент қабылдауында болған ведомство басшысы мәлімдеді. Ербол Мырзабосынов бұған дейін саланы кешенді реформалау жөнінде берілген тапсырмалардың орындалу жайын баяндады. Бұдан бөлек Халықаралық федерациялармен ынтымақтастық аясын кеңейту, спорт инфрақұрылымдарын жетілдіру үшін жүйелі жұмыс жүргізіліп жатыр деді. Кездесуде заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу және туризм саласын дамыту жайы сөз болды. Қасым-Жомарт Тоқаев министрге спорт және туризм салаларын одан әрі жетілдіру жөнінде нақты міндет жүктеді. Атап айтқанда, алдағы уақытта өтетін халықаралық спорт додаларына дайындық деңгейін пысықтауды, сондай-ақ елімізде танымалдығы артып келе жатқан падел спортын ілгерілетуге назар аударуды тапсырды.
Ербол Мырзабосынов, Туризм және спорт министрі:
Туризм саласын дамыту аясында «Neo Nomad Visa» жобасы іске қосылғаны туралы жеткіздім. Ойын бизнесін және лотереяны реттеу комитеті құрылып, лудоманияға қарсы күрес жұмыстары жалғасатындығы айтылды. Президентке министрлік жетекшілік ететін салалардағы заңнамалық өзгерістер туралы ақпарат берілді.
Оңғар Алпысбайұлы