Шымкентте салықтан жалтарған кәсіпкерлер анықталды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Шымкентте салықтан жалтарған кәсіпкерлер анықталды

26.11.2024

Шымкентте кәсіпкерлер салықтан жалтару үшін бизнес нысандарының құнын 16 есеге дейін төмендетіп көрсетіп келген. Қала әкімдігі мен мемлекеттік кірістер департаменті осындай 3 мыңнан астам объектіні анықтады.

Сондай-ақ хронометраж жұмыстарының нәтижесінде мегаполистегі ірі тамақтану желісі табысын төрт есеге азайтып көрсетіп келгені белгілі болды. Коммерциялық нысандарға талдау жүргізу және олардың бағалау құны нарықтағы бағаға сәйкестендіру нәтижесінде, мейрамханалардан қазынаға түсетін салық 79 миллионнан 23 миллиард теңгеге, қала базарларындағы табыс 11 есеге көбейді. Тойханалар бойынша табыс көлемі 8 есеге ұлғайды. Бұл қаланың экономикалық әлеуетін көтеріп, республикалық бюджетке тәуелділігін азайтты.

Ғабит Сыздықбеков, Шымкент қаласының әкімі:

Жалпы атқарылған жұмыстардың нәтижесінде, соңғы 3 жылда салықтық түсімдер 262 млрд теңгеден 660 млрд теңгеге артып 2,5 есеге өсті. Біз бұл бағыттағы жұмыстарды жалғастыратын боламыз.

Ғани Қалмаханов

Хабарламаларға жазылу