Түркістанда Қажымұқан Мұңайтпасовтың жүлдесіне арналған қазақ күресінен Әлем кубогы өтуде. Дүниежүзілік додаға Қазақстан, Грузия, Польша сияқты 10-нан астам елден 100-ге жуық спортшы қатысып, боз кілем көркін қыздыруда. Тартысқа толы жарыстың бірінші күні палуандар 5 салмақ дәрежесінде белдессе, екінші күні 3 салмақ дәрежесімен қатар «Түйе балуан» бәсекесінің жеңімпазы анқталады.
Салмақ дәрежесі бойынша жеңімпаз атанған балуандарға 500 мың теңге берілсе, екінші орынға 300 мың және үшінші орынға 200 мыңнан қаржылай сыйақы беріледі. Сондай-ақ «Түйе балуанға» Ордабасы ауданының әкімдігі атынан темір тұлпардың кілті табысталады.
Самат Рыспеков, Жарысты ұйымдастырушы:
Биыл Түркістанда қазақ күресінен әлем кубогы 3-ші рет болып жатыр, әлемдік деңгейде. Қазақ күресі дамушы спорт түрі. Біздің мақсатымыз Олимпиада, Азия ойындарына қатысу, соның бастамасы деп білемін осыны.
Айнұр Әбілқасымқызы