Өзбекстанда «Жасыл мекен» ұлттық жобасын дамытуға 8 млн доллар бөлінбек - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Өзбекстанда «Жасыл мекен» ұлттық жобасын дамытуға 8 млн доллар бөлінбек

26.11.2024

Өзбекстанда құрылыс көбейіп, ағаштардың кесілуі ауаны ластап жатыр. Мұнымен күресу үшін ел билігі «Жасыл мекен» ұлттық жобасын дамытуға 8 млн доллар бөлмек. Жергілікті климатқа бейімделген көшеттер егуге басымдық беріледі, жобаға ғалымдар да атсалысып жатыр. Мақсат – жасыл-желектің үлесін 30 пайызға жеткізу.

Ол үшін жыл сайын 200 миллион түп ағаш отырғызу қажет. Биыл 10 мың гектардай аумақта көгалдандыру жүргізілді. Кейбір шөлейт жерлерде егілген көшеттер өліп жатқандықтан, құрғақшылыққа төзімді ағаштар отырғызу басталды. Бұл ретте мамандар Германия мен Оңтүстік Кореяның тәжірибесіне сүйеніп отыр. Шетелдік бағбандар осы тақырыпта шеберлік сабағын өткізуде.

Мирзохид Каримов «Далварзин» орман-аңшылық шаруашылығының жетекшісі:

Орман шаруашылығы саласында көп жылдық тәжірибесі бар мамандарды шақырып, арнайы дәріс алып жатырмыз. Бұл өте маңызды. Жасыл желекті көбейтіп, табиғи байлығымызды қорғау басты міндет. Келешек ұрпақ таза ауа мен көркем табиғаты бар елде өмір сүруі керек.

Қазір күзгі ағаш отырғызу маусымы жүріп жатыр, ол желтоқсан айына дейін созылады. Мемлекеттік органдар мен кәсіпкерлер, тіпті қарапайым тұрғындар да осы іске жұмылған. «Жасыл мекен» ұлттық жобасы басталғалы 650 миллионға тарта көшет отырғызылды.

Базаркүл Отыншиева

#өзбекстан #құрылыс #ағаштар #ташкент #самарқанд #ҚазақстанЖаңалықтары #Ақпарат #Aqparat #QazaqstanTV

Хабарламаларға жазылу