Bosch, Audi, Volkswagen сияқты ірі концерндер жаппай жұмыс орындарын қысқартуға кірісті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Bosch, Audi, Volkswagen сияқты ірі концерндер жаппай жұмыс орындарын қысқартуға кірісті

25.11.2024

Еуропаның ірі концерндері жұмыс орындарын жаппай қысқартуға кірісті. Тұрмыстық техника шығарумен айналысатын Bosch компаниясы жылдың соңына дейін 1 500 қызметкерді жұмыстан шығармақ. Немістің автомобиль шығаратын концерндері Германия мен Бельгиядағы бірнеше зауытын жаппақ. Қарт құрлықтың автомобиль өндірісіндегі дағдарыс жайлы Нұрсұлу Қасым тарқатады.

Audi автоконцерні ақпанда Бельгия астанасы Брюссельдегі зауытын жаппақ. «Q8 e-tron» электрокарын қарт құрлықта шығару тым қымбат» деген кәсіпорын басшылығы өндірісті Мексикаға көшірмек. Салдарынан 4 мыңнан астам адам жұмыссыз қалайын деп тұр. Қызметкерлер бұған наразылық білдіріп, күн сайын ереуіл ұйымдастырып жатыр.

Диего Морис, кәсіподақ ұйымының өкілі:

Мен осы зауытқа бар өмірімді арнадым. Енді керек емессіңдер деп бізді лақтыра салмақ па? Жұмыссыз қалсам, бала-шағамды қалай асыраймын?

87 жылдық тарихы бар Volkswagen де Германиядағы үш зауытын жаппақ. Нидерландтық автоконцерн Stellantis Италиядағы өндірісін тоқтатуға мәжбүр. Көліктің дөңгелегін шығарумен айналысатын Францияның Мишлен кәсіпорны 10 мың адамды қысқартатынын жариялады. Автомобиль өндірісіндегі кәсіпорындардың мұндай шешім қабылдауына электрэнергияның қымбаттауы, халықтың сатып алуы қабілетінің төмендеуі мен АҚШ пен Қытайдан бәсекенің артуы себеп.

Клаус Шнид, Автоконцерннің коммерциялық директоры:

Үкімет тарапынан қаржылай қолдау болмаса, автомобиль өндірісі құрдымға кетеді. Қытай мен Азия елдерінің арзан көліктерінің кесірінен Еуропаның өндірістік саласы бәсекеге төтеп бере алмай, құрдымға кетіп барады. ЕуроОдақтың көміртектен арылу бағдарламасы да бізді тығырыққа тіреді.

Бүкіләлемдік банктің мәліметінше, соңғы 30 жылда Еуропада ішкі жалпы өнімдегі өндірістің үлесі 18 пайызға азайған. «Салаға 800 млрд еуро инвестиция қажет», дейді сарапшылар.

Нұрсұлу Қасым, тілші:

Автоөндірушілер қауымдастығы ЕуроОдақ басшыларынан көмірқышқыл газының ауаға таралуына қатысты саясатты қайта қарауды талап етуде. Олай болмаған жағдайда автоконцерндер миллиондаған айыппұл төлеп, қызметін тоқтатуға мәжбүр болмақ. Бұл жарты миллионнан астам адамның жұмыссыз қалуына әкеліп соғады, - дейді сала мамандары.

Нұрсұлу Қасым


Хабарламаларға жазылу