Министр жаңа мұнай өңдеу зауытын ашуды ұсынды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Министр жаңа мұнай өңдеу зауытын ашуды ұсынды

25.11.2024

Алдағы 15 жылда елдегі мұнай өндірісінің көлемі едәуір төмендейді. Тіпті кейбір кен орындары мүлде жұмысын тоқтатуы мүмкін. Бүгін Мәжіліс қабырғасында өткен Үкімет сағатында депуаттар осылай деді. Өйткені, соңғы 25 жылда қара алттының жаңа қорлары ашылмаған. Бұның соңы неге әкеп соғуы мүмкін? Тиісті министрлік мәселені қалай шешпекші? Нұрсұлтан Тілектес біліп көрді.

Нұрсұлтан Тілектес, тілші:

Қазір елімізде 348 көмірсутек шикізаттың кен орны бар. Олардағы мұнай қорының көлемі – 4 млрд тоннадан сәл-ақ асады. Соның 70 пайыздан астамы қазір «Теңіз», «Қашаған» және «Қарашығанақ» кен орындарына тиесілі. Өкінішке қарай бүгінде сол қорлардағы қара алтын сарқыла бастаған. Оған геологиялық зерттеулердің жүргізілмеуі және жаңа кен орындарының ашылмауы себеп болып отыр.

Еділ Жаңбыршин, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

Академик Сатпаевтың кезіндегідей, тәуелсіздіктің соңғы 25 жылында жүйелі, ауқымды геологиялық зерттеу, барлау жұмыстары жүргізілген жоқ. Ал, қазіргі уақытта қорлардың өсуі Кеңес Одағы кезінде ашылған кент орындарын қайта бағалау мен зерттеу есебінен толығуда. Бірақ, соңғы 5 жылдағы мұнай қорларының өсімі орта есеппен 73 млн тонна болса, өндіру көлемі 80 млн тоннаға жетті. Яғни, мұнай қорларының толуынан өндіруіміз қазірдің өзінде 7 млн тоннаға артық.
Депутат осылай жалғаса берсе, алдағы 15 жылдың көлемінде мұнай өндірісі едәуір төмендеп, тіпті кейбір компаниялар жұмысын тоқтатуы мүмкін дейді. Бүгінде 220 мың азаматқа жұмыс беріп, бюджетке түсетін қаражаттың 30 пайызын, салық түсімдерінің 50 проценттен астамын қамтамасыз етіп отырған сала құлдыраса ел экономикасына қалай әсер етеді деген сұрақ туындайды. Өйткені Ұлттық қорға да тек осы саладан ақша құйылып отыр.

Алмасадам Сәтқалиев, ҚР Энергетика министрі:

Мәселені шешу үшін кен орындарын дамытудың кешенді жоспарын жасадық. Сондай-ақ жаңа технологияларды енгізуді жоспарлап отырмыз. Бұл 2045 жылға дейін тағы 40 млн тонна мұнай өндіруге мүмкіндік береді. Геологиялық барлау жұмыстары да жүріп жатыр.

Сондай-ақ министр елде тағы бір мұнай өңдейтін зауыт ашуды ұсынды. Оның айтуынша, жаңа кәсіпорынның құрылысын 2030 жылға дейін бастау керек. Әйтпесе, елде жанармай тапшылығы болуы әбден мүмкін. Егер қуаттылығы жылына 10 млн тонналық зауыт ашылса, мұнай өнімдерінен, әісіресе дизельден тарықпаймыз. Сондықтан жаңа кәсіпорынның жобасын алдағы 5-6 жылдың көлемінде жоспарлап, 2032 жылы құрылысты бастау керек. Жаңа зауыт Батыс Қазақстанда бой көтермек.

Нұрсұлтан Тілектес

Хабарламаларға жазылу