Атырауда параволейболдан Қазақстан чемпионаты өтті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Атырауда параволейболдан Қазақстан чемпионаты өтті

25.11.2024

Атырауда параволейболдан Қазақстан чемпионатының екінші кезеңі мәресіне жетті. Жарысқа бірнеше облыс пен Алматы, Астана қаласының құрама командалары қатысты. Тартысты додада Атырау командасы жеңіске жетіп, бас жүлдені қанжығасына байлады.

Бауыржан Сартаевтың параволейболға келуінің өзі тағдырдың сынағы. Осыдан 13 жыл бұрын қатты науқастанып, оң аяғын тізеден кесуге тура келген. Жиырмадан жаңа асқан жігітке бұл жағдай оңай соққан жоқ. Соған қарамастан жаттығып, үздіксіз шынығып, ерік-жігерінің арқасында параволейболшылардың қатарына қосылды. Қарағайға қарсы біткен бұтақтай қайсар азамат шеберлігін шыңдай келе Атырау командасының капитаны атанып әрі Қазақстан құрамасына өтті.

Бауыржан Сартаев, «Атырау» құрама командасының капитаны:

Спорт маған екінші өмір сыйлады деп толыққанды айта аламын. Осындай қиын жағдайға түскенде өзімді қоғамның белді мүшесі ретінде сезінуіме осы спорт көп рөл атқарды. Барлығы да бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, тәртіптің арқасында жеңіске жетіп отырмыз.

Бауыржан секілді мықты азаматтар мұнда жетерлік. Әр облыстан жиналған кіл оза шапқандар додасы өте тартысты өтті. Сыр елінің командасын бастап келген Ерік Қасқабаевтың рухты командасы тартысты ойын көрсетті. Финалда осы Қызылорда мен Атырау кездесіп, жанкүйерлердің үлкен құрметіне бөленді. Дегенмен Атырау құрама командасының асығы алшысынан түсіп, ойын 3:1 есебімен аяқталды.

Ерік Қасқабаев, «Қызылорда» командасының капитаны:

Бірінші кезеңде Атырауға 3:1 ұтылып қалып едік. Бірақ мына жақта бірінші орын алуға мүмкіндік болды. Бірақ жолымыз болмады, спортшыларымыздың бәрі жас. Тәжірибе жетпей қалды. Келесі жолы мықты болып келеміз бұйырса.

Жүлделі орын алған қатысушыларға медальдар мен кубоктар табысталды. Бас жүлде Атырау, күміс Қызылордаға бұйырды. Ал, маңғыстаулықтар қола жүлдені иеленді. Сонымен қатар 10 спортшыға халықаралық дәрежедегі спорт шебері атағы берілді.

Дүйсенбай Тұрғанов, Қазақстан параволейбол федерациясыың президенті:

Халықаралық волейбол федерациясының президентімен кездескен кезде 2026 жылғы әлем чемпионатын Қазақстанда өткізейік деп ұсыныс айтып едік. Жалпы тәжірибеміз бар. Олардың инспекциялары келіп тексеріп, мүмкіншілігімізді көріп кетті. Алдымызда сондай жоспар тұр.

Чемпионат қорытындысымен жаңа ұлттық құрама жасақталды. Енді олар сәл үзілістен соң алдағы Әлем, Азия чемпионаттарына дайындықты бастамақ.

Нұрсұлтан Нұрсейіт


Хабарламаларға жазылу