Атырау облысының Жамансор ауылына жаңа мектеп салынатын болды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Атырау облысының Жамансор ауылына жаңа мектеп салынатын болды

25.11.2024

Атырау облысында 60 шақырым жерге барып, білім алып жүрген оқушылар мәселесі шешіледі. Үкімет Қызылқоға ауданына қарасты Жамансор ауылына мектеп салу үшін 2 млрд теңге бөлу туралы шешім қабылдады. 150 орындық мектеп салынады деген хабарды ауыл халқы қуана қабылдап жатыр. Себебі бала да, ата-ана да мектептің машақатын әбден көрді.

Сағира Әбілова, Жамансор ауылының тұрғыны:

Көп балалы анамын. 7 балам бар. Балаларым өсіп, немерелерім осы мектепте оқып жатыр. Біздің ең өзекті мәселеміз – мектеп. 2025 жылы Жаңа Қазақстанда жаңа мектеп салынса тезірек, деген арманымыз сол.

Ауылда тек бастауыш сынып қана бар. 4-ші сыныпты бітіргеннен кейін оқушылар 60 шақырым қашықтағы мектеп-интернатқа барып, білім алуға мәжбүр. Ал жоғары сынып оқушылары көрші елдімекендерге қатынап оқиды. Енді бұл күндердің барлығы артта қалады. Жаңа білім шаңырағы Президенттің тапсырмасымен «Заңсыз иеленген активтерді мемлекетке қайтару туралы» Заң аясында салынады.

Қанат Алпанов, Қызылқоға аудандық білім бөлімі басшысының міндетін атқарушы:

Осы сыртта жүрген балалардың барлығын Жамансор елдімекенінде оқытуға мүмкіндік туады. Елдімекендегі интернаттағы балаларды апта сайын ата-аналары өздері алып отыр.

Самал Қабышева


Хабарламаларға жазылу