Абай облысында ауылшаруашылық саласы қарқынды дамып келеді. Өңірде соңғы жылдары өрісі малға толып, егін көлемі еселеп артқан. Агроөнеркәсіптік кешеннің де аяқ алысы жаман емес. Сала мамандарының жеткен жетістігі Семейде өткен ауылшаруашылығы мен қайта өңдеу өнеркәсібі қызметкерлерінің форумында қорытындыланды.
Асқар Нарынов жаңадан құрылған Мақаншы ауданындағы ірі шаруашылықты басқарады. Мал өсіруге төрт жыл бұрын ғана ден қойған. Аз уақытта түліктің санын көбейтіп қана қоймай, сапаға да мән бере бастаған. Үйір-үйір жылқы мен бірнеше табын ірі қараны қоспағанда асыл тұқымды аналық қойдың басы мыңның үстінде.
Асқар Нарынов, Шаруа қожалығының жетекшісі:
Мемлекеттің берген бағдарламасымен субсидиясын алып, ауыл шаруашылық техникаларын алып жұмыс жасап жатырмыз. Көптеген бағдарламалар бар.
Биыл Абай облысында ауыл шаруашылығы өнімдерінің жалпы көлемі 335 миллиард теңгеден асты. Агроөнеркәсіп кешенін субсидиялау нәтижесінде өнім өндірушілер де көбейді. Олардың жетістіктері сала мамандары жиналған форумда көрмеге қойылды.
Ертай Қуанбаев, Ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы:
Ауыл шаруашылығына тартылатын инвестиция көлемі де артуда. Ағымдағы жылдың 10 айында салаға 32.8 миллиард теңге инвестиция тартылды. Бұл көрсеткіштерге жетуге мемлекеттік қолдау шараларының үлесі зор.
Облыс әкімі Нұрлан Ұранхаев ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің форумында агроөнеркәсіп кешенінің дамуын қорытындылап, жоспарлармен бөлісті. Салтанатты жиында ауыл шаруашылығы саласының қызметкерлеріне құрмет көрсетіліп, үздіктері марапатталды.
Ержан Жақып