Шымкент қаласында биыл 30 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылып, жұмыссыздық 5 пайызға азайды. Мемлекеттік қолдау шараларының нәтижесінде әлеуметтік көмек алушылардың үштен бірінің жағдайы түзелді. Мұның барлығы мегаполистің экономикалық қарқынды дамуының арқасында жүзеге асып отыр.
Шымкент қаласы экономикалық өсім бойынша биыл барлық аймақтан озып тұр. Әсіресе, өңдеу өнеркәсібін дамыту арқылы еңбек өнімділігі артты. Бұдан бөлек, бүгінгі таңда 200 мыңнан астам азамат шағын және орта кәсіпкерлікпен айналысады. Олардың экономикадағы үлесі 56 пайыз. Сондай-ақ өнәркәсіптің дамуы және инвестиция ағынын қосқанда шаһар экономикасы 12 пайызға артқан.
Ғабит Сыздықбеков, қала әкімі:
Оның ішінде тартылған инвестиция 9 пайызға, құрылыс 27 пайызға, пайдалануға берілген тұрғын үй алаңы 42 пайызға, сауда кешені 19 пайызға, көлік қызметі 26 пайызға, өнеркәсіптегі өнім көлемі 2 пайызға артып отыр.
Шаһарда биыл 1 миллион 360 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілмек. Жоспарланған 18 жайлы мектептің 11-нің құрылысы аяқталады. Экономикалық өрлеу ең алдымен қала тұрғындарының да жағдайын жақсарты.
Ғабит Сыздықбеков, қала әкімі:
Жергілікті бюджеттен 15 мыңға жуық еңбекақысы төмен қызметкерлердің жалақысына қосымша 50 мың теңгеге көтердік. Бұл мақсатқа 10 миллиард теңге жұмсалды. Нәтижесінде жергілікті бюджеттен қаржыландырылатын барлық бюджеттік қызметкерлер жалақысы 140 мың теңгеден асты.
Брифинг барысында шешімін күткен мәселелер жайы да сөз болды. Шымкенттің айналма жолы мен Қонаев даңғылының құрылысын аяқтау, заңсыз жекеленген нысандарды мемлекет меншігіне қайтару алдағы жұмыстың негізгі бағыты. Ал әуежайдың жаңа халықаралық терминалының құрылысы жыл соңында аяқталып, жолаушыларға қызмет көрсете бастайды. Алдағы жылға 220 инвестициялық жоба жүзеге асады.
Ғани Қалмаханов