Қарағанды облысы Шет ауданына қарасты Талды ауылында найзағайдан шыққан өрт үшін ауыл әкімдігі кінәлі деп танылды. Сот шешімімен аядай елдімекенге шамамен 16 миллион теңге айыппұл салынған. Ең қызығы әкімдіктің жылдық бюджеті бар болғаны 2,5 миллион теңге ғана.
Талды ауылы аумағында найзағайдан тұтанған өрт 2 мыңға жуық гектар жазық дала мен орман алқабын күлге айналдырған. Кейін осы өрт бойынша іс сотқа дейін жетіп, ауыл әкімдігіне 16 миллион теңге айыппұл салынды. Бюджеті 2,5 миллион теңгеге жетер-жетпес ауыл тұрғындары сот шешіміне наразы.
Мұхтар Түсіпов, Талды ауылының тұрғыны:
Халық қанша төлейді ауданға сол ауылдың өзіне түседі. Ал кішкентай ауылда қай бір бюджет бар дейсің. Оған сот жармасып жатыр. Енді 5-6 жыл бюджет ақшасы ауылға келмесе қалай күн көреміз? Барлығымыз жүгірдік, тамаққа дейін апарып көмектестік. Тоқтата алмасақ не істейік енді? Халықтың не кінәсі бар?
Өрттің кесірінен Ақтоғай ауданына қарасты қорық зақымданды. Қорғауға алынған ағаштар мен өсімдіктер толықтай жанып кетті. Сол себепті орман және жануарлар әлемін қорғау шаруашылығы сотқа шағымданған.
Мирас Қасымханов, «Орман және жануарлар әлемін қорғау жөніндегі Ақтоғай шаруашылығы» ММ басшысы:
Ауылдық округ әкімдігінің дер кезінде ерікті өрт сөндіру жұмысын дұрыс ұйымдастырмау салдарынан дала өрті мемлекеттік ормандық қорына ауысқан. Өрт салдарынан мемлекеттік орман қорының 69,13 гектар орман аумағын өрт шалды.
Заң бойынша тілсіз жау етек жайғанда өрт сөндірушілер келгенше ауыл жұрты қолғабыс ету керек. Ол үшін еріктілер тізімі жазылған арнайы хаттама толтырылады. Ауыл әкімдігі бұл құжатты дайындап үлгермеген.
Дәурен Құралұлы, Шет ауданы әкімінің орынбасары:
Егерде ауыл тарапынан, халық тарапынан, еріктілер тарапынан ешкім әрекет етпесе онда келісуге болады. Бірақ ел болып, жұрт болып көмектессе де осындайға барып отыр. 16 миллион өндіру бұл үлкен қаражат. Ағымдағы орташа жөндеу мәселесі бар, су мәселесі бар, тоқ мәселесі бар оған қаражатты қайдан аламыз?
Жандос Бақытұлы, тілші:
Аптаға созылған алапат өрт кезінде ауыл жұрты «Бір адамша жұмылып, көмегімізді аямадық» дейді. Бірақ оны заңды түрде дәлелдейтін қолдарында құжаттары жоқ. Сот шешіміне де осы жайт себеп болған. Енді ауыл әкімдігі әділдік сұрап, сотқа қайта шағымданып көрмек.
Жандос Бақытұлы