Ресейде ТМД Парламентаралық Ассамблеяның отырысы өтті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ресейде ТМД Парламентаралық Ассамблеяның отырысы өтті

22.11.2024

Санкт-Петербург қаласында ТМД Парламентаралық Ассамблеясының 57-пленарлық отырысы өтті. Оған Достастыққа мүше мемлекеттердің Парламент Палаталарының төрағалары қатысты. Қазақстан делегациясын Парламент Сенатының Спикері Мәулен Әшімбаев бастап барды.

Өңірдегі ынтымақтастықтың маңызды бағыттарының бірі - сайлау мен референдумдарды өткізуге мониторинг жүргізу. Халықаралық байқау институты Достастық кеңістігіндегі сайлаудың ашықтығын арттыруға ықпал етті деді Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев. Сонымен қатар, ол парламенттік диалогтың мемлекетаралық ынтымақтастықты нығайтудағы маңызына тоқталды.

Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламенті Сенатының төрағасы:

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев атап өткендей, демократия дегеніміз нәтиже емес, ол – өз елінің тағдырына бейжай қарамайтын азаматтардың тұрақты қатысуын талап ететін процесс. Біз Қазақстандағы билік институттарының сайланбалылығын кеңейтіп жатырмыз. Ауылдық елді-мекендердің әкімдерін сайлауды қалыптастырдық. Енді аудан әкімдерін сайлауды қолға алдық. Елімізде аса маңызды мәселелер референдумға шығарылады. Қазақстанда өткізілген АЭС салу мәселесі бойынша республикалық референдум барлық маңызды шешімді ел азаматтарының пікірін ескере отырып қабылдауға үндейтін «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» саясатының жарқын көрінісіне айналды.

Отырыс барысында қатысушылар ТМД Парламентаралық Ассамблеясының аграрлық саясат, табиғи ресурстар және экология жөніндегі тұрақты комиссиясының төрағасы лауазымына Сенат депутаты Ольга Булавкинаның кандидатурасын бекітті. Ал, сенатор Геннадий Шиповских ТМД Жастар Парламентаралық Ассамблеясының үйлестірушісі болады.

Геннадий Шиповских, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:

Әрине, бірінші кезекте заңнамалық, одан бөлек әлеуметтік мәселелерді реттеуге қатысты тәжірибе алмасу жұмыстары бар. Одан бөлек ТМД елдерінің құрамына кіргеннен кейін, ел арасында өзіміз айналысатын экономикалық, әлеуметтік мәселелерге қатысты заңнамалық актілер бар. Сол заңнамалық актілерге қатысты түрлі сұрақтар болған жағдайда біз жастар ұйымының тарапынан өзіміздің тиісті ұсыныстарды беретін боламыз.

Палата Төрағасы парламенттік делегациялардың басшыларымен бірқатар кездесу өткізіп, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық байланыстарды нығайту жайын талқылады. Ресейлік әріптесі Валентина Матвиенкомен мемлекетаралық ынтымақтастыққа қатысты шешім қабылдау кезіндегі парламенттік диалогтың рөлі жайлы пікір алмасты.


Индира Бегайдар


Хабарламаларға жазылу