Жыл басынан бері Солтүстік Қазақстан облысы мен ресейлік компаниялар арасындағы тауар айналымы 480 млн долларға жетті.
Көрсеткіш өткен жылдармен салыстырғанда жоғары. Кәсіпкерлер әсіресе Петропавлда шығарылатын тез дайындалатын кеспе, жүгері таяқшалары, пластик бұйымдар, тұрмыстық химия сынды тауарлар жоғары сұранысқа ие екенін айтады.
Виктор Молодовский, зауыттың сыртқы экономикалық байланыс жөніндегі директоры:
Қазақстанда шығарылған өнімің сапасы жоғары. Біз экспорттап отырған тауардың 80 пайызын Ресейге жөнелтеміз. Мәскеу қаласында зауыттың қоймасы бар. 20 жылдан бері көрші мемлекетпен сауда-саттық байланыс үзілген емес.
Қазір облыс орталығындағы «Қызылжар» арнайы экономикалық аймағында көршілес мемлекетке тиесілі 4 өндіріс ошағының құрылысы жүріп жатыр. Солардың бірі нан-тоқаш өнімдерін шығаратын зауыт. Кәсіпорында 400 адам жұмыс істейтін болады. Мамандар Солтүстік Қазақстан облысы қолайлы аймақта орналасқандықтан, шетелдіктерді қызықтырып отырғанын айтады.
Азамат Шәймерденов, кәсіпкерлік басқармасы басшысының орынбасары:
Ресей Федерациясымен екіжақты әріптестік дамып келеді. Ірі инвесторларды тартып жатырмыз. Олар жай ғана жұмыс орындарын ашып қоймай, жаңа технологияларды әкеліп жатыр. Болашақта құрылыс материалдарын, құрылысқа арналған техника шығаруды жоспарлап отырмыз.
Эльмира Кәленова