Айлап айлық алмаған. Ақтөбелік құрылысшылар еңбектерінің ақысын бермеген басшыларына ашулы. Айтуларынша, екі айдан бері ақшаларын ала алмай жүр. Компания 35 тас қалаушының әрқайсысына бір миллион теңгеден берешек.
Жақсыбек Кемал, тілші:
Қазір құрылыс басында тек техникалар жұмыс істеп жатыр. Тас қалаушылардың біреуі де жоқ. Бұл нысан биыл пайдалануға берілуі тиіс еді. Алайда салымшылар да өз пәтерлерін көп күтетін секілді.
Бұл шаһар орталығындағы тұрғын үй кешені. Тоғыз қабатты нысанды салған құрылысшылар маңдай терлерінің ақысын уақытылы бермегендерге ашулы. Көбі коммуналдық төлемдері мен несиелерін төлей алмай жүргендерін айтады.
Азамат Мұхамбетқалиев, құрылысшы:
Тас қалаушы болып істеп жатырмын.Осы екі айда ақша алған жоқпыз. Күнде осылай келеміз, ертең, арғы күні деп алдап, ақша бермейді.
Тас қалаушылар Жаңақоныс ауылындағы орта мектептің де қабырғасын қалаған. Айтуларынша, басшылық бұған дейін де ақшаларын бермей, бірнеше ай бойы сандалтып қойған.
Асхат Дәрібаев, құрылысшы:
Қыста да осындай болған. Былтырғы қыстағы ақшамызда жазда, маусым айында алдық. Бес балам бар, біреуі студент, үшеуі оқушы, біреуі балабақшада. Әрине қиын. Несиеміз бар, адам болғасын несие аламыз, ұсақ-түйекке болса да.
Құрылысшылармен кездесуге компания өкілі келді. Ол мекемеде қаржылық мәселе барын мойындады. Оның үстінде құрылысы жүріп жатқан нысандардың құжаттары реттелмей, тапсырыс берушіден ақша түспейді дейді. Дегенмен жуық арада мәселені шешуге уәде берді.
Ерік Бөкенов, құрылыс компаниясының өкілі:
Қазіргі таңда құрылыс саласында қиындықтар болып жатыр, өздеріңіз білесіздер ғой. Ол тек қана бізде ғана емес, бүкіл Қазақстанда, дүниежүзінде десе де болады. Енді ақша күтіп отырмыз, жақын арада түседі, барлығымен жүз пайыз есептеседі.
Дегенмен құрылысшылар бұл уәдеге де сенген жоқ. Егер алдағы бірнеше күн ішінде еңбекақымыз төленбесе, құзырлы органдарға шағымданамыз дейді.
Жақсыбек Кемал