Лондонда жаңа технология саласында жұмыс істейтін 250-ге жуық қазақ бар. Олар Еуразиялық стартап хабын құрып, инновациялық жобаларын жүзеге асырып жатыр.
Жәнібек Қаймолденов – Павлодардың тумасы. Лондонға 3 жыл бұрын көшіп келіп, толықтырылған шындық технологиясына негізделген стартап жобамен айналысып жүр. Ол ойлап тапқан көзілдірік арқылы қолданушы әйнек экранынан қосымша ақпарат оқи алады.
Жәнібек Қаймолденов, стартап жобаның авторы:
Бұл технологияны 10 жылдан кейін адамзат кеңінен қолданады деп сенемін. Алпауыт компаниялар соған жетемін дегенше менің өнімім көш ілгері болады.
Еуразиялық стартап хабта осындай 250-ге жуық дарынды отандасымыз жұмыс істейді. Орталықтың мақсаты сол жастарға әлемдік нарыққа шығуға көмектесу, инвесторлармен байланыстыру. Сол арқылы еліміздің дамуына үлес қосу.
Нұрдәулет Базылбеков, «Eurasian startup hub» жобасының негізін қалаушы:
Біздің үйіміз - Қазақстан. Ол жағынан ойлаймыз, ол жақта нені жақсартуға болады? Ол жақта жақындарымыз бар.
Хабтың соңғы ақжолтай жаңалықтарының бірі 2 стартапер акселерациялық бағдарлама деңгейіне жеткен. Әрқайсысы өз жобаларын дамытуға 100 мың фунт көлемінде инвестиция тартып отыр.
Марина Бекенова