Ұлытау облысында ауыл шаруашылық қызметкерлері күніне орай еңбек адамдары марапатталды. Ғұмырын агросалаға арнаған жандарға Президент атынан жоғары дәрежелі медальдер беріліп, құрмет көрсетілді. Салтанатты шара аясында форум өтіп, саладағы алуан сұрақтар талқыға түсті.
Ауыл шаруашылығы, тамақ және қайта өңбеу өнеркәсібі қызметкерлері күніне орай өткен шарада 35 шаруа адамы түрлі дәрежедегі марапатқа ие болды. Ғұмырын агросалаға арнаған жандарды, төрт түлікті өріске өргізіп, қамбаны астыққа толтырған фермерлерді Ұлытау облысы әкімі құттықтап, «Ерен еңбегі үшін» медалін, «Құрмет» грамоталарын табыстады.
Айдос Исмаил, қожалық жетекшісі:
Ауыл шаруашылықты дамыту жағынан суармалы, әсіресе егіндерді өткізуге үлкен көмек көрсетілуде. Егістік, суармалы егістікпен айналысамыз. Форумға қатысып, бүгін көп мәселелер талқыланды және де көп жылдық еңбегімізге бүгін медаль куәлігін Президенттің атынан алдым.
Өңір үшін биыл ауыл шаруашылығы оң нәтижемен аяқталып отыр. Алдағы уақытта механизатор, тракторшы мамандықтарын даярлайтын оқу орындарының саны артады. Ұлытаулық фермерлер астық сақтайтын элеватордың жұмысын да жандандыруды көздеп отыр.
Бағдат Бекетаев, қожалық жетекшісі:
Ұлытау облысындағы бірінші мәселе егін, мал шаруашылығына кадр жетіспеушілігі мәселе. Егістік алқаптан 250 шақырымнан астық тасу қиындықта. Мал шаруашылығында туындаған күрделі мәселелер айтылды.
Қаржыландыру бойынша шаруалар енді көктем айына дейін күтіп, абдырап қалмайды. Қаражат жыл соңында беріледі. Биылдың өзінде Ұлытау облысы бойынша 4 миллиард теңге субсидия қарастырылған.
Нұрғиса Мырзабек, Ұлытау облысы а/ш басқармасы бөлім басшысының міндетін атқарушы:
Форумда фермерлердің көкейінде жүрген, көптен бері шешімі табылмай жүрген мәселелер қарастырылды. Облысымызда «Ауыл аманаты» іске асырылуда. Биыл 4 миллиард теңге қарастырылған. 400-ге жуық несие берілді.
Ауыл шаруашылығы, тамақ және қайта өңбеу өнеркәсібі қызметкерлері күніне орай өткен форумда ауылды дамыту мен агросаланың тамырына қан жүгіртетін тың бастамалар айтылды.
Жандос Бақытұлы