Алматы облысындағы мектепке дейінгі мекемелерге орнатылған «QR және Face ID» жүйесі тиімділігін көрсете бастады. Мәселен Жамбыл, Ұйғыр, Талғар ауданындағы балабақшаларға мемлекеттен бөлінетін қаражаттан 100 млн теңге үнемделген. Бұл – соңғы бір айдағы көрсеткіш. Осылайша облыстық әкімдіктің бастамасымен жүзеге асырылған жоба бюджет қаржысының жүйесіз жұмсалуына тосқауыл болмақ.
Дәния Ахматованың қос балапаны да «Өркениет» балабақшасына барады. «Себебі бөбекжай басшылығы қауіпсіздік мәселесіне ерекше мән береді» дейді. Мұнда Face ID жүйесі орнатылған. Тәрбиеленушілердің балабақшаға келген және шыққан уақыты бірден есепке алынып, жүйеге тіркеледі.
Дәния Ахматова, Ұзынағаш аулының тұрғыны:
Балаларымыздың қауіпсіздігін қамтамасыз етуде. Себебі біз ата-аналар балаларымыздың балабақшада болған уақытын біле аламыз. Қазір қолданып жүрміз осыны, ыңғайлы, уақытты да үнемдейді екен.
«Өркениет» бөбекжай балабақшасында 200 тәрбиеленуші бар. Ал «QR және Face ID» жобасы қыркүйекте іске қосылған. «Тың бастама ай сайын тапсыратын есептің орнына жүреді» дейді балабақша құрылтайшысы Ақмарал Ерешева.
Ақмарал Ерешева, «Өркениет» бөбекжай балабақшасының құрылтайшысы:
Бұрынғы уақытта аудан орталығына барып, табель тапсырып жүретін едік. Қазіргі кезде автоматты түрде білім бөліміне түсіп отырады. Сондықтан тәрбиешілерімізге де ыңғайлы, өзімізге де ыңғайлы болды.
Облыста 1038 балабақшаны мемлекет қаржыландырады. Олардың 97 пайызы «QR және Face ID» жобасы бойынша жұмыс істейді.
Махаббат Серғазықызы, «Ақпараттық технологиялар орталығы» МКМ бөлім басшысы:
Қазан айынан бастап Талғар, Ұйғыр, Жамбыл ауданында балабақшаларға бөлінетін қаражаттан 100 млн теңге үнемделу көрсеткіші бар. Толығымен 100 пайызға енгізу осы жылдың желтоқсанына дейін өтуге жоспарланған.
«Жыл соңына дейін балабақшаларға жұмсалатын ақшадан шамамен тағы 1 млрд теңге үнемделеді» дейді облыстық әкімдік.
Айдана Қуантхан