Жамбылда жол жөндеуге бөлінген жеті жарым млрд теңгенің жобасы басталмай жатып тоқтап қалды. Қыруар қаржы халықаралық көлік дәлізінің бір бөлігі «Ескі Күйік» асуының құрылысы үшін қаралған еді. Ал тендерді ұтқан мердігер жұмыстың бар-жоғы 5%-ын аяқтаған. Енді қыстың көзі қырауда қайтпек керек? Данияр Әлімқұл биік таудың басындағы жолдың жайын көріп келді.
Жуалы және Жамбыл ауданы арқылы жалғасатын «Ескі Күйік» асуы тура мағынасында жүргізушілердің күйігіне айналды. Өйткені тау ішіндегі тас жол жарты ғасырдан бері күрделі жөндеу көрмеген. Қыстың күні өткелмен өрге шығу оңай болғанымен, қазылып кеткен шұңқырларымен қатынау қиын.
Данияр Әлімқұл, тілші:
Транзиттік бағытта тауар тасымалдайтын еліміздің және сырт елдің сауда керуендері осы тау жолында тұрып қалады. Өйткені жүрер жолдың ойдым-ойдым шұңқырлары ошақ орнындай болғандықтан жүк көліктері жиі сынады.
Күрделі жөндеу көрмеген автодәліз жыл сайын жамалады. Бірақ бір жыл болмай тас жолдың тоз-тозы шығады. Сондықтан жол жиегінде қозғалыссыз қалған отандық және шетелдік көліктерге көз сүрінеді. Жүргізушілер 12 шақырымдық жолдың бір бағытын бағындырудың өзі қиямет-қайым дейді.
Мүтәлім Назаров, көлік жүргізушісі:
Мен мынау Ресейден келе жатырмын, Қазаннан Қырғызстандағы Таласқа бара жатырмын. Жол өте нашар. Ақша кетіп жатыр. Қазір бір дөңгелегіңіз 120 мың теңге тұрады. Қазір мына дөңгелек кетті, енді тұрмын осы жерде.
Тас жолмен тәулігіне 35 мың көлік қатынайтындықтан жолға жауаптылар 7,5 млрд теңгеге жаңғыртпақ болады. Сөйтіп ерте көктемде құрылыс нышаны біліне бастаған. Алайда тендерді ұтқан компанияның техникасы түгел болмай, жұмысшылары да жетіспей жоба тоқтап қалды. Ол жолдың тек 3 шақырымына ғана асфальттың астыңғы қабатын төсеген.
Еркін Тайпақов, «Қазавтожол» ҰК АҚ Жамбыл облыстық филиалы директорының орынбасары:
Кешеден бері бұл мердігермен келісімшарт бұзылды. Конкурс рәсімдері жүргізіледі. Көктемге дейін анықталатын болса жұмыс мерзімі қайтадан қарастырылады. Мердігерге келісімшартқа сәйкес айыппұл салынды, көлемі 36 млн теңге.
Осылайша жолдың биылғы құрылысына бөлінген 1,5 млрд теңгенің не-бәрі 305 млн-ы игерілді. Мердігер мерзімі бойынша «Ескі күйік» асуын екі жылда бітуі тиіс еді. Енді кестеден кешіккені кесірінен жолды жөндейтін өзге мердігер бас-аяғы үш жылда аяқтау керек.
Данияр Әлімқұл