Трамп Ақ үйге оралғалы әлемнің қаржы нарығында доллар қымбаттай түсті. Бұл жағдай, жаһан экономикасының тұрақтылығына кері әсер етеді деген болжам бар. Америка валютасы неге күшейді және бұл құбылыс қанша уақытқа созылуы мүмкін? Тақырыпты Арыстан Рысбек жалғастырады.
Трампты кейде доллардың драйвері деп атайды. Оның Ақ үйге оралғаны белгілі болысымен, Америка валютасы өсу үстінде. Ал оған дейін доллар үш ай бойы құлдырады. Қыркүйектің соңында жылдық есеппен алғанда доллар тіпті ең төменгі минимумға түссе, өткен сәрсенбіде кейінгі 12 айдағы максимумға дейін көтерілді.
Энджел Чжун, RMIT университетінің қаржы профессоры:
Трамп өзінің өсім саясатымен белгілі. Сондықтан, менің ойымша, нарық бұған позитивті түрде жауап беріп, валютаның қымбаттағанын байқатады. Трамп экономиканы ынталандырамын, салықты төмендетемін, реттеу тетіктерін жеңілдетемін дейді. Мұндай мәлімдемелер долларды күшейтпей қоймайды.
Кейінгі апталарда доллар еуроның да, юанның да, йеннің де, қысқасы, барлық әлемдік валюталарға қарағанда бірнеше пайызға күшейді. Кейбір сарапшылардың пайымынша, бұған ең алдымен Трамптың Қытай мен Еуропа одағынан келетін импортқа тарифті көтеру жоспары себеп.
Стив Цанг, SOAS China институтының директоры:
Меніңше, тарифтер мен Қытайға қатысты қатаң сауда саясаты – Трамптың жаңа әкімшілігінде жүзеге асатын дүниелер. Сіз не ойласаңыз да, Трамп дегенін істейтін адам. Және де ол тарифтерді өте жақсы көреді.
Импортқа тариф өссе, нарықта шетелдік тауар азайып, инфляция шарықтайды. Ал инфляцияны тежеу үшін несиені, яғни, долларды қымбаттату қажет болады. Дегенмен, АҚШ Федералдық резервінің, біздіңше, ұлттық банкінің төрағасы айтқандай, Трамп қызметке кіріскеннен кейін қандай экономикалық саясат ұстанатынын дәл қазір нақты айту қиын.
Джером Пауэлл, АҚШ федеральдық резервінің президенті:
Меніңше, бұл жерде қандай да бір болжам жасау қиын. Саясаттың өзгеруі экономикаға қалай әсер ететініне баға беруге бізде әлі уақыт бар деп ойлаймын.
Доллар құнының күрт өзгеруі - жаһандық экономиканың тұрақсыз болуына әсер етуі мүмкін. «Нью-Йорк Таймс» газетінің хабарлауынша, әлемдегі валюталық операциялардың 90 пайызы АҚШ төлем бірлігімен жүзеге асырылады. Мұнай сияқты маңызды тауарлар да әдетте осы ақшамен бағаланады. Доллар қанша уақыт құнды болып тұруы мүмкін? JPMorgan, Barclays тәрізді әйгілі банктердің болжамынша, алдағы бірнеше айда бұл валюта 7 пайызға күшейіп, еуродан да қымбаттауы мүмкін. Дегенмен, Трамптың 2016 жылы басталған бірінші президенттік мерзімі көрсетіп бергендей, доллар 2017 жылы 10 пайызға арзандады. Қаржыгерлердің пайымынша, бұған Трамптың қазіргіге ұқсас сауда саясаты себеп.
Арыстан Рысбек