Үкімет басшысы Олжас Бектенов жаңартылған құрамда Жоғары ғылыми-техникалық комиссияның отырысын өткізді. Жиында 2025-2027 жылдарға арналған ғылыми-техникалық жұмыс жоспары қаралды. Комиссия мүшелерінің айтуынша, жалпы 653 ұсыныс түскен, оның ішінде экономика үшін басым бағыттар бойынша 113 ғылыми-техникалық тапсырманы орындауға қаражат бөлу мақұлданды. Отырыста Мемлекет басшысының Ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің бірінші форумында қойған мақсаттарға қол жеткізу аясында агроөнеркәсіп кешенін тұрақты дамыту бойынша ғылыми-техникалық жұмыстар мақұлданды. Аталған жобаларды қолдау биыл қабылданған «Ғылым және технологиялық саясат туралы» Заң нормаларына сәйкес гранттар, бағдарламалық-нысаналы қаржыландыру және жеке инвесторлар тарту арқылы жүзеге асырылады.
Саясат Нұрбек, Ғылым және жоғары білім министрі:
Хакатон яғни біздің жетекші ғылыми зерттеу институттарымыз, жоғары оқу орындарымыз енді бір аптадай өндіріске барып, нақты әр өндірістік процестерді зерттеп, талдап, сол қолданбалы форматтағы нақты мәселелерді алып кетуде. Хакатонға 80-нен астам тапсырма айқындалды. Бірақ келісіп отырып тек қана 11 жобаны шығарып отырмыз. Нақты мақсат – ғылыми үлесті қосу сол ірі өндірістік компанияларды жаңа технологиялық сатыларға шығару.
Премьер-министр аталған жобалардың еліміздің өнеркәсіптік әлеуетін күшейту үшін маңызын атап өтіп, ғылыми зерттеулерді қолданудың нақты нәтижесін іс жүзінде көруіміз керек деді.
Асылбек Данияр