Еліміздің 10 жоғары оқу орнының студенттері журналистиканың қыр-сырын «Қазақстан» телерадиокопорациясының медиамектебінде шыңдайды. Медиамектептің төртінші кезеңіне 104 студент өтінім берген. Соның ішінен 53-і іріктеліп алынған. Оның 23-і онлайн форматта 6 ай тәлім алады.
Ләззат Танысбай, «Қазақстан» РТРК» АҚ басқарма төрайымы:
Ең үздік дегендердің ішінен сабағын жақсы оқитын, жауапты, кәсіби креативті, талантты дегендердің ішінен өзімізге болашақ ізбасар дайындаймыз. Сіздердің білетіндеріңіз негізінен журналистер, жүргізушілер. Ал оның артында үлкен армия тұр. Операторлар, графистер, дизайнерлер. Ең мықты деген мамандарымыз сіздерге арнайы сабақ өткізеді. Ең басты өтінішіміз қалдырмай қатысыңыздар.
2021 жылдан бері журналистерді дайындай бастаған бұл медиамектеп бүгінге дейін 83 студентке телевизия саласының қыр-сырын үйретті. Медиамектеп түлектерінің 16-сы қазір «Қазақстан» телерадиокорпорацияның құрамындағы арналарда табысты еңбек етіп жүр. Айта кету керек, биыл жобаға өзгертулер енген. Мәселен бұған дейін медиамектепте тек Астана қаласының студенттері оқып келсе, енді республика бойынша студенттер қабылданып отыр.
Күзеухан Халымұлы, студент:
Қазақстан ҰТА – Қазақстанның басты арнасы. Осы жерге келіп, қалай болады екен деп, жүргізушілермен танысып, сұхбаттасып, өзімді сынап көрейін деп келдім.
Айкөркем Сағат, студент:
Кез келген медиа саласына барып, бір кірпіш болып қалану. Басқа не арман бар дейсіз?! Дәл осы арналардың төресі Ұлттық арнаның ең беделді, кәсіби мамандарынан сабақ алатынымызға қатты қуаныштымыз.
Нұрсұлтан Тілектес