АҚШ Конгресінде Қазақстанмен ынтымақ жайы талқыланды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

АҚШ Конгресінде Қазақстанмен ынтымақ жайы талқыланды

20.11.2024

Қазақстанмен тұрақты және қалыпты сауда байланысын жасайтын кез жетті. Сондықтан бұған кедергі болып отырған «Жексен Веник түзетуінің» күшін жою керек дейді АҚШ Конгресінің өкілдері.

«Жексен Веник түзетуі» еврей қауымының көшуіне кедергі жасағаны үшін Кеңес Одағына қарсы, АҚШ-пен сауда байланысын шектеу ретінде 1974 жылы енгізілген болатын. Бірақ кеңестік кезең келмеске кетіп, арада тура жарты ғасыр өтсе де сол санкцияның зияны біздің елге тиіп отыр.

Бұл проблеманы шешу үшін Өкілдер палатасының бір топ депутаты былтыр «Қазақстанмен тұрақты және қалыпты сауда байланысы атты заң жобасын» Конгресс қарауына енгізген.

Том Суозци, АҚШ конгрессмені:

Менің мақсатым - Қазақстанға қатысты Джексон-Вэник түзетуінің күшін жою. Ол енді қолданылмауы тиіс. Түзету 1970 жылдары кеңестік еврейлерді қорғау үшін жасалған еді. Ал шын мәнінде Қазақстан өз елінде және бүкіл әлемде дін бостандығын ілгерілетуде тамаша жұмыс атқарды. Оның мысалын осы жиыннан да көрдік. Көптеген еврей ұйымдарының өкілдері де қатысып, Джексон Вэник түзетуін алып тастауға қолдау білдірді.

Заң талабын жоюды қолдайтын АҚШ сенаторлары да аз емес. Жоғары палата өкілдері Қазақстан, Өзбекстан және Тәжікстанмен арадағы тұрақты сауда қарым қатынасын қалыптастыру үшін тағы бір заң жобасын Сенаттың күн тәртібіне шығарған. АҚШ сенаторлары қазіргі әлемдегі геосаяси жағдайда «Жексен Веник түзетуін» алып тастау Орта Азия ғана емес Американың өңірдегі саяси-экономикалық мүддесі мен беделі үшін де маңызды деп отыр.

Кристофер Мерфи, АҚШ сенаторы:

Аймақтың маңыздылығы артқаны үшін бұл мәселе шешілуі керек деген пікір айтылады. Сондай-ақ бұл мәселені сөзбұйдаға салып, кейінге ысыру АҚШ-тың сыртқы саясатының тиімсіздігін және жауапсыздығын көрсетеді деген де уәж айтылады. Себебі өзге елдер АҚШ-тың талабын немесе өтінішін орындаған кезде уәде етілген жеңілдікті ала алмаса, болашақта ынтымақтастыққа қызығушылық танытпайды. Сондықтан біз бұл бағытта жұмысымызды жалғастырамыз.

Жалпы соңғы жиырма жылда Қазақстан дипломаттарының табандылығы арқасында арнайы заң жобасы он үш рет Конгрестің қарауына берілді. Бірақ осы жолы өкілдер палатасының оннан бірі құжатқа қолдау көрсетіп отыр. Яғни қазірдің өзінде депутаттардың ауқымды тобы Жексен Веник түзетуін жойып, екі ел арасында тұрақты және қалыпты сауда байланысын орнатуды қалайды. Демек Конгрестің кезекті заң жобасын жақтап дауыс беру ықтималдығы арта түсті деген сөз.

Жалғас Сәдібекұлы


Хабарламаларға жазылу