Украинадағы соғыстың басталғанына бүгін тура 1 000 күн толды. Жалпы бұл қақтығыста технологиялық қару-жарақтың қалай түрленгенін аңғаруға болады, дейді сарапшылар.
Украинада пилотсыз аппараттардың рөлі 2022 жылдан бері таңқаларлық деңгейге дейін өсті. Қазір дрондар әуеде, құрлықта, теңізде қолданылады. Өткен жылы Украина әскерінің Ресейге қарсы контршабуылдары нәтижесіз аяқталғаны белгілі. Бұл сәтсіздікке Мәскеу күштерінің нысандарды анықтап, қирататын дрондарды көптеп пайдалануы да себеп болған.
Юрий Шельмук, Дрондардың дыбысын өшіретін құрылғы жасаушы компания құрылтайшысы:
Біздің әрбір қарсы шабуыл жасау әрекетіміз тез тоқтады. Бұған белгілі бір тактиканы немесе стратегияны ұстана алмағанымыз емес, жаудың арзан әуе дрондарын көптеп қолдануы себепші. Содан кейін майдан даласында барлық ережелерді өзгертетін жаңа ойыншы пайда болғанын түсіндік.
Қазір Украианың қорғаныс секторында 800-ден астам компания жұмыс істеп жатыр. Олардың көбі – 2022 жылы соғыс басталғаннан кейін пайда болыпты. Жаңа бизнеске бұрын тіпті ауылшаруашылығымен айналысқан адамдар да бет бұрып жатыр.
Катерина Михалко, TECH FORCE IN UA бірлестігінің директоры:
Олар көбінесе басқа салаларда бизнес жасаған. Қорғаныс өнеркәсібіне IT-стартаптар келді. Тіпті бұрын ауыл шаруашылығымен, саясатпен айналысқан адамдар да бар. Қысқасы, әскери технология өндіруге түрлі мамандық иелері атсалысып жатыр. Олардың барлығы Украинаға деген сүйіспеншілікпен және жеңісті жақындату ниетімен бұл істі қолға алды.
Жалпы алғанда, Ресей мен Украина биыл 1 жарым миллион дрон өндіреді деген болжам бар. Сонымен қатар, екі жақта осы дрондардың ішіндегі компьютерлік бағдарламаны істен шығарып, сигналын өшіретін радиоэлектрондық күрес жүйесін де жасаушылар көбейген.
Александр, Unwave зауытының менеджері:
Бұл жерде біз дыбыс өшіргіштер құрастырамыз. Бұл мобильді құрылғыны әскери машинаның үстіне бекітіп, дрондарға қарсы қолдануға болады.
Қарулы қақтығыстардан Украина экономикасының тұтас салалары қирады. Инновациялық қорғаныс секторы келешекте сол күйреген экономиканың негізіне айналады деген үміт бар.
Арыстан Рысбек