Түркістан облысы Леңгір қаласының тұрғындары көпқабатты үйлер мен аурханадан шыққан шайынды судың ортасында қалды. Көшені бойлай аққан лас су жауынды күндері арнасына сыймай, төңірекке жайылып кетеді.
Кәріз жүйесінде ақау болған күні 33 көпқабатты үй мен сол маңдағы әлеуметтік нысандардан жиылған сарқынды су осылай сай-саланы қуалап жөңкіп ағады. Мұндай кездерде төңіректі сасық иіс алып кетеді. Бұл маңдағы жұрттың өз баспаналарында еркін тыныстай алмай жүргеніне 10 жылға жуықтады.
Перизат Төлеметова, Леңгір қаласының тұрғыны:
Мынаның канализациясы ешқайда кетпейді. Ол тек осы жерде ағады. Шығатын жер жоқ. Толады мына жер. Сөйтеді де сасиды.
Сорғылар істен шыққан кезде шайындылар іргедегі жауын-шашыннан жиылған суды ағызып жіберетін арнайы қазылған арнаға түсетін. Бірақ бұл аумақты осыдан біраз бұрын әлдекім жекешелендіріп алып, орнын бітеп тастаған.
Серікбай Тұралиев, Леңгір қаласының тұрғыны:
Бұны МЧС келіп салған. Біз салған жоқпыз оны. Арық бар еді, қазір жауып тастаған. Су өтпейді. Одан кейін жинала береді. Сайдың бәрі сасып тұрады. Демала алмайсың. Мынаны жекеменшік қылып алған адам бағынбайды.
Шағын шаһардағы кәріз жүйесі әбден ескірген. Сондықтан апатты жағдайлар жиі болып тұратынын су шаруашылығы мамандары да жасырмады.
Ербол Таңсықбаев, «Леңгір су» мекемесі директорының орынбасары:
Бүгін айтса 2 сағаттың ішінде қызметкерлер барып, реттеп кетеді. Сорғы істемей қалады. Оған біз жауап бере алмаймыз ғой.
Кәріз суына тұншыққан жұрт жергілікті билікке бірнеше рет шағымданған. Бірақ проблема шешілмеді. Ел әкімдіктегілердің мақұл деген сөзінен шаршап кетті.
Жанболат Байзақов, Ленгер қаласы әкімінің орынбасары:
Бұл тұрғын бүгін ашып беремін деп уәде беріп отыр. Егер ол ашпаса, біз өзіміз ашып береміз. Керек болса заң аясында жұмыс жүргізетін боламыз.
Көпқабатты үйлерден шыққан шайынды сулар сорғылар арқылы бір орталыққа жиналады. Жұрттың айтуынша оның іші де тола бастаған. Амалы таусылған халық әзірге лас судың жолына бөгет салып, өздігінен қорғануда.
Ғани Қалмаханов