Жамбыл облысында қаңғыбас иттер енді әскерилерге қызмет етеді. Оңтүстік Өңірлік қолбасшылығы көше бұралқыларын Қарулы Күштер құрамына алдырып, қарауыл көмекшісі ретінде пайдаланбақ.
Олар осы мақсатта иттерге арналған орталықтан оншақты итті таңдап алды. Иесіз иттерді өңірдегі бес әскери бөлімге жеткізді. Соның бірі №63563 әскери бөлімі. Онда қауіпсіздік және бақылау бекеті көп болғандықтан иттің көмегі керек. Сондықтан бөлім мамандары екі итті асырап алды. Әскерилер төрт аяқтыларға түрлі тапсырмаларды үйретпек. Өзге иттер механикаландырылған бригада мен тау сақшылары ротасына жіберілді. Әулиеата жеріндегі әскерилер бұл қайырымды істі өзге өңірдегі бөлімдер жалғастырса деген ниетте.
Сәбит Жаманов, әскери бөлімнің қойма бастығы:
Әскери бөлімде қарауылдардың жанына осы иттің пайдасы өте көп. Қарауылда сақ болатын әрі белгі беретін ит қажет болғандықтан әрі оларға жанашырлықпен екі итті алып жатырмыз. Осы иттерді үйретіп, бағатын жеке құрамдар бар. Мен сол кісілерге жеткізіп беремін, олар ары қарай өздері үйретіп, тамағын беріп күтеді.
Данияр Әлімқұл