Қазақстандықтар келесі жылы жалпыға бірдей декларацияны тапсырмайды. Премьер-министр Олжас Бектенов 1-ші қаңтардан бастап жеке табысы туралы есеп беруі тиіс 8 миллион адамды бұл міндеттен босату туралы Қаржы министрлігінің ұсынысын қолдады.
Яғни, жеке тұлғалар, зейнеткерлер, үй шаруасындағы әйелдер мен студенттер жеке деректерін көрсетуге міндетті емес. Мұндай шешім барлық ақпараттық жүйенің бүгінде цифрландырылуымен байланысты.
Мәди Тәкиевтің сөзінше, халықтың табысы мен мүлкі туралы мәліметті ортақ базадан онсыз да көруге болады. Десе де, шет елде жылжымайтын мүлкі бар, бір жылдық шығыны 74 млн теңгеден асатын және салық төлейтін азаматтар декларация тапсырудан босатылмайды. Жалпы декларацияның алғашқы үш кезеңінде 4 миллионнан астам адам есеп берген. Олардың қатарында мемлекеттік қызметшілер, квазимемлекеттік сектордағы басшылар, кәсіпкерлер және осы санатқа кіретін азаматтардың жұбайлары бар.
Олжас Бектенов, премьер-министр:
Осыған байланысты Қаржы министрлігі Ұлттық экономика, Әділет министрліктерімен бірге үш күн мерзімде қажетті заңнамалық түзетулерді әзірлеп, Парламентте тиісті жұмыс жүргізуі керек.
Үкімет бүгін тағы бір даулы мәселеге нүкте қойды. Қазақстанда уақыт белдеуі өзгермейтін болды. Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиевтің сөзінше, бұл шешімді қабылдар кезде 60 адамнан тұратын арнайы жұмыс тобы жан-жақты зерттеген. Ортақ уақыт белдеуіне көшу ғылыми тұрғыдан да, экономикалық жағынан да тиімді болғанын айтады.
Айя Мүтәлі