Түркістан облысының Көксарай ауылында тұрғындар арасында тері ауруы белең алып барады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Түркістан облысының Көксарай ауылында тұрғындар арасында тері ауруы белең алып барады

07.11.2024

Түркістан облысының Отырар ауданында тұрғындар арасында тері ауруы белең алып барады. Бір ғана Көксарай ауылында қазір жүзден аса адам лейшманиоз ауруына шалдығып, емін таба алмай жатыр. Жергілікті тұрғындар мұны осы маңдағы уран өндіретін компанияның қалдықтарды ашық тастау салдарынан туындап отыр деп топшылауда.

Ой да, қыр да ісіп, тамырмен қуалайды. Былай қарай мына жерде, мына жерде без бар.

Көксарай ауылының тұрғындары қазір күн сайын емхана табалдырығын тоздыратын болған. Себебі жасы да, жасамысы да тері ауруына шалдығуда. Тіпті жаңа туған сәбилер де лейшманиоз болып, ем қабылдауға мәжбүр.

Жанат Тасқызы, дәрігер:

Лейшманиоз науқасына күдікті біздің қазіргі осы уақытқа дейін 118 адам тіркелді бізге. 70 адамның емін бердік үйлеріне. Осы уақытқа дейін жаңағы 118 адамның ішінде 3 адам облыстық кожвендиспансерге жатып, емделіп шықты.

Жергілікті халық аурудың соңғы екі жылда белең алуын уран өндіретін компанияның қоршаған ортаны ластауымен байланыстырады.

Жолбарысхан Мырзапейіс, Көксарай аулының тұрғыны:

Былтырдан бастап осы жара көбейе бастады. Бұл жараның ешқандай емі жоқ. Біз халық оны төгіліп жатқан ураннан көреміз. Кислотадан жұғуы мүмкін. Кислотаның кішкентай ұшқыны болса күйеді. Соның ұшқыны келіп күйдіріп жатыр ма, бұл белгісіз нәрсе.

Жуырда уран өндіруші компания жұмысшыларының бірі күкірт қышқылын иен далаға төгіп, қоршаған ортаны ластап жатқаны әлеуметтік желіде тарап кеткен еді.

Радиоактивный песок сейчас будем загружать и закапывать. Вот так вот все происходит. Казатомпром АО «Заречное».

Осы бейнежазба тарағаннан кейін облыстық Экология департаментінің мамандары жоспардан тыс тексеру жүргізіп, қоршаған ортаны ластау дерегін анықтады. Экологтардың мәліметінше, өндірістік орынның аумағы күкірт қышқылымен ластанған.

Нұржас Нұрболатұлы, Түркістан облысы бойынша бас экологиялық инспектор:

Тексеру нәтижелері бойынша күкірт қышқылымен «Заречное» АҚ өндірістік аймағында қышқылды заттармен жерлерді бүлдіргені анықталып отыр. Сол себептен қазір қылмыстық құрамы бар жоғын анықтау мақсатында Отырар аудандық полициясына жолданып отыр.

Алайда «Қазатомпром» ұлттық компаниясының өкілдері «Заречное» кен орнында қалдықтар өңделіп, тиісті орындарға тасталатынын айтады. Десе де жұмысшылардың салғырттығынан кемшіліктерге жол берілгенін жоққа шығармады. Қазір барлық кәсіпорындарда ішкі қызметтік тексеру басталған.

Манас Ысқақов, «Қазатомпром» ҰК өндірістік қауіпсіздік Департаментінің директоры:

Видеода көрсетілген жерлерде шектеуді асқаны анықталған жоқ. Бірақ басқа жерлерден раствордың төгілгені анықталды. Сондай оқиғалардың болғаны бізді алаңдатып отыр «Қазатомпромды». Алаңдатқан соң біз қазір ішкі тексерулерді жүргізіп жатырмыз. Ондай нәрселерді болдырмау және азайту үшін шара қолданамыз.

Қалай болғанда да қазір Экология департаментімен әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама толтырылып, өндірістік компанияға ластанған жерлерді толықтай тазалау мен қалпына келтіру туралы нұсқама берілді.

Айнұр Әбілқасымқызы


Хабарламаларға жазылу