Автоөндірісті өркендету үшін заңға өзгеріс қажет - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Автоөндірісті өркендету үшін заңға өзгеріс қажет

18.11.2024

«Автоөндірісті өркендету үшін заңды жетілдіру қажет». Қостанайда Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаевтың қатысуымен «Машина жасауды дамытудың заңнамалық негізі» тақырыбы талқыланды. Қостанай бүгінде машина жасау бойынша көш басындағы аймақтардың бірі. Басқосуға не себепті Тобыл өңірі таңдалғанын Сенат төрағасы осылайша түсіндірді. Десе де бұл салада түйткіл көп. Қолжетімді әрі ұзақ мерзімді қаржыландыру жоқ, шикізаттың қымбаттығы, импортқа тәуелділік адымды аштырмай тұр. Яғни бірқатар компаниялар жабдықтар мен техниканы тек шетелден сатып алады. Салдарынан елдің капиталы сыртқа кетеді, отандық өндірістің дамуы тежеледі. Заңнамаға өзгеріс енгізу осы мәселелерді шешуге сеп болуы тиіс.

Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламенті Сенатының төрағасы:

Машина жасау саласын дамыту үшін алдымызда ауқымды міндеттер тұр. Сенат осы саладағы бизнесмендермен және мамандармен бірлесіп заңнаманы жетілдіруге дайын. Мұндай қадам елімізді өркендетуге және отандық өндірісті жетілдіруге жол ашатыны сөзсіз. 

Cондай-ақ Сенат төрағасы KІА автомобильдерін шығаратын зауыт құрылысын көрді, темір құю зауытына, «СарыарқаАвтоПром» және AGROMASH кәсіпорындарына да арнайы барды. Жұртшылықпен кездесуде автоөндіріске кадр даярлау мәселесі сөз болды. Жергілікті оқу орындарында соңғы жылдары техникалық мамандықтарға бөлінетін грант көбейген.

Дмитрий Павленко,  Автомобиль көлігі колледжінің директоры:

Соңғы төрт жылда бізге осы салаға қатысты 7 жаңа мамандық қосылды. Оқу бағдарламасына жергілікті кәсіпорындармен бірлесе отырып, ұсақ бөлшектерді құрастыруға байланысты өзгерістер енгіздік. Колледждегі 1 500 студенттің 400-і машина жасау мамандығы бойынша білім алып жатыр. 

Дәуренбек Әбдібек 

Хабарламаларға жазылу