Ақтөбе облысында былтыр ғана күрделі жөндеуден өткен бөгетті екінші рет су шайып кетті. Алға ауданындағы Көсем су қоймасына көктемде жобалық көлемнен екі есе артық су келген еді.
Салдарынан бөгет бұзылып, жақын маңдағы елді мекендерге қауіп төндірді. Мердігер мекеме кепілдік мерзімі аясында нысанды қайта жөндеуі тиіс болған. Алайда, бұл жұмыстар биыл аяқталмады. Бұзылған екі учаскенің бірін қалпына келтіру үшін топырақтан уақытша жол салынып, құбыр төселді. Соңғы жауған жауын-шашын салдарынан ол аумақты да су бұзып кеткен. Бұл бөгеттің сыйымдылығы 76 мың текше метр. Енді мердігер компания уақытша жолды қайта салып, жұмысты одан әрі жалғастыруы тиіс. Егер міндеттемесін тиісті деңгейде орындамаса, мәселе сот арқылы шешіледі.
Бекболат Нұрашев, Облыстық табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының бөлім басшысы:
Бетондау жұмыстарын аяқтады. Бұл жерде екі участокке бөлініп отыр. Біріншісін аяқтап жатыр. Енді екіншісі бар. Оны да дайындап, ол жақта да бетондау жұмыстарын жоспарлап отырмыз. Ол енді жазғы мезгілге қалады.
Жақсыбек Кемал