Алматыда ауыл шаруашылық өнімдерінің жәрмеңкесі өтті. Сауда алаңына Алматы мен Жетісу облысының шаруалары 50-ден астам тағам түрін әкелді. Тұрғындардың сөзінше, сапалы азық-түлік базар нарығынан 15-20 пайыз арзан бағамен ұсынылды.
Ләззат Мұсаева он жылдан бері құрт, май, қаймақ жасап сатады. Ауылда әр үйде ірі қара бар, сүт өнімдері де қолжетімді. Ал қалада ағарғанға сұраныс жоғары, дейді шаруа.
Ләззат Мұсаева, шаруа:
Апта сайын осы жерде халыққа қызмет жасап жатырмыз. Жыл сайын жәрмеңкеге шығамын. Өзімнің клиенттерім бар, үйден алып кетеді. Бізге ыңғайлы осындай, жәрмеңке көп бола берсе екен.
Фархаджан Османов жәрмеңкеге шалғай ауданнан арнайы келіпті. Сауда алаңына қой мен ірі қараның етін әкелген.
Фархаджан Османов, шаруа:
Біздің өнімдеріміздің сапасы жоғары. Малды өзіміз сойып, жіліктеп сатамыз. Бағасы да әлдеқайда арзан.Бұл тұрғындар үшін тиімді деп ойлаймын.
Жәрмеңкеде адам қарасы көп. Екі күнде 300 тонна өнім арзан бағамен саудаланды. Оның ішінде 80 тонна ет, 100 тонна жеміс-жидек пен көкөніс, 60 тонна сүт өнімдері, 5 тонна балық пен 55 тонна түрлі азық-түлік өнімі сатылды.
Ерлан Омаров, қалалық кәсіпкерлік және инвестициялар басқармасы басшысының орынбасары:
Ең басты мақсаты – күзгі, қысқы уақытта жаңадан піскен және де сапалы, бағасы төмендетілген ауылдық өнімді қаладағы тұрғындарға жеткізу. Соның сапасы мен қолжетімділігімен қамтамасыз ету. Сондай-ақ әлеуметтік маңызы бар тауарлардың бағасын тұрақтандыру болып табылады.
Алып шаһарда өткен жәрмеңкеге 60-қа жуық кәсіпкер қатысты. Жыл соңына қарай еліміздің өзге өңірлеріндегі шаруалардың бірлесуімен кеңетілген жәрмеңке өткізу жоспарланған.
Айдана Қуантхан