Франкфурт кітап жәрмеңкесіне алғаш рет қатысқан Қазақстан баспа нарығындағы зор әлеуетін көрсете білді. Алматыға арнайы келген халықаралық кітап шарасының мамандары осындай пікір білдірді. Олар Орталық Азияда тұңғыш рет семинар өткізіп, саладағы заманауи үрдістерді дамыту бойынша тәжірибесімен бөлісті. Сондай-ақ баспадағы жасанды интеллект, авторлық құқық пен лицензияларды сатып алу және сату, кітап құқықтарын басқару платформасы сынды мәселелерді сөз етті. Семинарға отандық 20 баспа және 40-тан аса полиграфия саласының мамандары мен оқытушылары қатысты. Айта кетейік, Франкфурт кітап жәрмеңкесі – 500 жылдан астам тарихы бар, кітап индустриясы саласындағы ең ірі тарихи шаралардың бірі. Германияның Франкфурт қаласында өтетін жәрмеңке кітаптар мен баспа нарығы үшін маңызды алаңға айналған, онда баспагерлер, әдеби агенттер, авторлар, аудармашылар және оқырмандар кездесіп, жаңа туындылармен және трендтермен танысады.
Беттина Бак, Франкуфурт кітап жәрмеңкесінің халықаралық жобалар менеджері:
Франкфурттан Қазақстанға келудегі басты мақсат – іскерлік байланысты арттыру. Алғаш рет халықаралық шараға қатысса да, сіздердің баспагерлеріңіз өнімдерін жоғары деңгейде ұсына білді. Көпшілікті тәнті етті. Әріптестігіміз нығайып, жалғасын табады деген сенімдемін.
Жазира Оразқызы