Қызылорда облысы, Арал ауданының Сексеуіл кентінде 5 жылға созылған аурухананың құрылысы аяқталуға жақын. 15 мыңдай тұрғыны бар үлкен елдімекен 40 төсек-орынды емдеу мекемесінің игілігін көруді асыға күтіп отыр.
Сыр өңіріндегі «сақалды құрылыстардың» өзектісі осы Сексеуілдегі аурухана ғимараты. 2019 жылы іргетасы қаланып, содан бері құрылысы тұралап қалған еді. Биыл көптің талап-тілегімен жаңа емдеу мекемесінің құрылысы қайта жанданып, нысанда қарқынды тірлік жүріп жатыр. Қазір мұнда негізгі жұмыстың 80 пайызы аяқталған.
Бақытжан Жолмырзаев, ауыл ардагері:
Егер де осы аурухана толығымен аяқталса, осы желтоқсан айында беріледі деген жақсы хабар бар. Мүмкіншілік болса, осы Сексеуіл халқына берілсе, нұр үстіне нұр болар еді.
Тоқабай ауылының тұрғындары да заман талабына сай медициналық көмек алуды көптен күтіп жүр. Өйткені шалғайдағы елдімекендегі 12 төсек-орындық амбулатория әбден ескіріп, тозығы жеткен. Ал Қарақұм беткейінде орналасқан бірнеше ауыл халқы осы жерге келіп, ем алады.
Қуаныш Сүйеуов, ауыл ардагері:
Бұның салынғанына 40 жыл болды. Ескірген іші соңғы уақыттарда тіптен мүмкіншілік болмаса да осы медицина қызметкерлерінің бәр халыққа қызметін жасап жатыр. Мүмкіндігінше.
Тоқабайдағы медициналық нысанның маңыздылығы ескеріліп, биыл ауылда жаңа заманауи амбулаторияның құрылысы жүріп жатыр. Жоба мемлекет басшысының «Ұлт саулығын нығайту» бағдарламасы аясында қолға алынған. Мердігер жыл соңына дейін жаңа емдеу орнын ел игілігіне беруді көздеп отыр.
Нұрболат Назаров, учаске басшысы:
Негізгі жұмыстар қазір әрлеу, сыртын қаптау және ішкі жұмыстар жүріп жатыр. 80 пайыздай жұмыс жасалынды. Иә, уақытында бітіреміз. Қалай жоспарланған сол уақытқа туралаймыз.
Жалпы облыс аумағында игі бағдарламамен 27 дәрігерлік амбулатория салынады. Олардың басым бөлігі ауыл-аймақта бой көтеруде.
Әділбек Серікұлы