Ресейде ресми тіркелген жалғыз қазақ басылымы «Омбы қазақтары» газетінің шығып жатқанына 10 жыл. Алғаш рет «Атамекен» атауымен жарық көрген басылым бүгінде Омбының барлық аудандарына жеткізіледі. Толығырақ тілші материалында.
Бір кездері жабылып қалған газет студенттердің арқасында қайта жарыққа шықты. Өз шәкіртақысына қазақ басылымына жан бітіргендердің бірі - Торғын Ашенова. Еселі еңбектің арқасында осыған дейін 2000 тиражбен шыққан газеттің енді ай сайынғы саны 5000 данаға жеткен.
Торғыш Ашенова, «Омбы қазақтары» газетінің бас редакторы:
Подписка арқылы аудандарға шықтық. Әр ауданымызда қазір міне бүгінгі күнді алсақ, 21 ауданда біздің газетіміз шығады. Осы «Омбы қазақтары» газетіміз осы жерде қалып жатқан ізіміз. 100 жылдан кейін, 200 жылдан кейін біздің газетті ашып, мына жиырма бірінші ғасырда Омбының қазақтары қалай тұрды, не туралы ойланып жүрді, қандай жоба жасады деген сұрақ болса, сол сұрақтарға жауап таба алады.
Омбы облысында 70 мыңнан астам қазақ тұрады. Мерзімді басылым қандастардың көзайымына айналған, ай сайын шығып тұрады. Онда қандастардың өмірі, салты, жеткен жетістіктері туралы білуге болады. Редакцияда барлығы 10 адам жұмыс істейді, басым бөлігі зейнеткер.
Амангелді Тоқсанбаев, зейнеткер:
Біз енді мақала жазғанда ешқандай ақша алмаймыз, оның керегі де жоқ бізге. Біздің бар мақсатымыз – сол келешек ұрпақ тілімізді, дінімізді, дәстүрімізді ұмытпаса екен деген ой ғой.
Шеттегі қазақтардың ұстыны болған ұлттық басылымның 10 жылдығы Омбыда атап өтілді. Алдағы мақcат – газетті тек Омбы жерінде емес, барлық Ресей аймағына тарату.
Индира Бегайдар