Ақтаулық оқушы судан құтқару құрылғысын жасап шығарды. Жетінші сынып оқитын Әлішер Асқардың туындысы суға батқан адамға жедел көмек көрсетуге арналған. Жоба шағын білезік пен құтқару қайығынан тұрады. Дарынды оқушы қазір құрылғының сыртқы дизайнын жасауға кіріскен.
Әлішер сабақтан тыс уақытта робототехникамен айналысады. Құтқару құрылғысы оның кезекті еңбегі. Жоба бойынша жағажайға келген демалушының қолына бағдарламаланған блезік тағылады. Егер оның суда аяғы құрысса немесе жағадан тым ұзап кетсе, білезік робот қайыққа белгі береді. Ал, робот қайық арқылы жағалау құтқарушылары зардап шеккен адамды жедел табады.
Әлішер Асқар, жоба авторы:
Құтқарушымыз маяк датчигі арқылы батып бара жатқан адамды, яғни көмекке шақырған адамды жағада тұрып, оның тұрған жерін микротолқындар арқылы тауып алады. Және де оны құтқарады. 2023 жылы Ақшұқырда 3 бала ашық теңізге кетіп қалды. Сондай жағдай қайталанбас үшін осындай жобам ойыма келді.
Оқушының пікірінше, құрылғыны барлық демалыс орындарына енгізсе, қайғылы оқиғалардың алдын алуға болады. Ол жобаны ұстазының көмегімен 1 ай ішінде құрастырған. Ендігі мақсаты - сыртқы дизайнын жетілдіру. Алдағы уақытта Каспий жағасындағы демалыс базасында сынақтан өткізбекші.
Марат Атаназаров, роботехника пәнінің мұғалімі:
Асқар Әлішер жасаған жобасының ең бастысы ол - идеясы. Қазіргі таңда қолға алынып келе жатқан туристік бағыттарда осы жоба өте маңызды болып саналады. Себебі, адамның өмірі ең бірінші орында қауіпсіздігі.
Оқушының тың жобасы облыс әкімдігі тарапынан қолдауға ие болған. Әлішерге құрылғының прототипін жасауға көмек берілмек.
Аягөз Оралбайқызы