Еліміздің бірнеше аймағында «Таза Қазақстан» акциясы өтті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Еліміздің бірнеше аймағында «Таза Қазақстан» акциясы өтті

15.11.2024

Бүгін еліміздің бірнеше аймағында «Таза Қазақстан» акциясы өтіп, айналаны тазарту, ағаш егу секілді жұмыстар жүрді. Бұл ретте отандастарымыз жан-жақты ат салысып, белсенді жұмыс атқарды.

100-ге жуық жас жиылып, «Самал» шағын ауданына барды. Ортақ іске білек сыбана кіріскен белсенділер баспаналардың айналасын сыпырып, тұрмыстық қалдықтарды шығарды. Жастарға «Жасыл ел – Тараз» серіктестігінің жұмысшылары да көмекке келді. Көпқабатты үйлер маңынан 1,5 тонна қоқыс шығарылды.

Айбек Қадыралиев, Жамбыл облыстық жастар ресурстық орталығының директоры:

Жалпы тазалық өзімізден басталады. Осы дүниені жалпы халыққа, оның ішінде жастарға сіңіру – біздің бүгінгі таңдағы міндеттеріміздің бірі деп ойлаймыз.

Ал Шымкентте 5 ауданның аумағы тазартылды. Қала тұрғындары, «Жасыл ел» жасақтары мен жастар белсенділік танытты. Олар көше бойларын қоқыстан тазартып, қураған шөптерді жинап шықты. Сондай-ақ жол бойындағы бітеліп қалған арықтарды аршып, көшеттер отырғызды.

Атхам Өмірзақ, Шымкент қалалық жайлы ортаны дамыту басқармасының бөлім басшысы:

Әл-Фараби көшесіндегі 7,5 шақырымды бойлай 142 мың шаршы метрге көгалдандыру жұмысы жүргізіліп, 16 мыңға жуық ағаш көшеттері отырғызылды.

Сонымен қатар Түркістан облысы, Мақтаарал ауданында шыршалар мен 2 мың дана қара ағаш көшеті егілді. Ауыл ақсақалдары мен белсенді жастар, шекарашылар мен қоғамдық ұйым өкілдері тазалық жұмыстарын жүргізді. Ауданнан бөлінген 17 техника қоқыс тасымалдап, жаяу жолдар мен саябақтар ретке келтірілді.

Айдын Індікеев, ҰҚК Мақтарал ауданы бойынша шекара қызметі бастығының орынбасары:

Мұндай іс шаралар бүгін бірінші рет емес, әр апта сайын жүргізіліп тұрады. Біздің шекара басқармасының жеке құрамдары қатысады және де өзіміздің қолымыздан келгенше техникалармен шығарып, жұмыстар атқарамыз.

Ал Қызылорда облысында аймақ орманшылары күзгі мезгілде ағаш отырғызу науқанын бастады. Сондай-ақ игі бастама аясында Арал теңізінің қайраңына сексеуіл егу жұмыстары жүріп жатыр. Биыл көктемде 65 мың гектар аумаққа шөл даланың ағашы отырғызылса, күзде оның көлемі бірнеше есе ұлғаймақ.

Данияр Әлімқұл


Хабарламаларға жазылу