Отандық дәрігерлер онкологиялық аурулардың жылдан-жылға жасарып жатқанына алаңдаулы. Бұрын асқазан, ұйқы безінің қатерлі ісігі 60 жастан асқан адамдардан анықталса, қазір бұл дерт жастар арасында дендеп барады. Бастысы, денсаулыққа жауапкершілікпен қарап, ерте диагностика мүмкіндіктерін мүлт жібермеу дейді мамандар. Алматыда «ОнкоРенессанс» халықаралық конференциясында онкологиялық ауруларды диагностикалау мен емдеуде қолданылатын медициналық тың технологиялар талқыланды. Сондай-ақ қатерлі ісіктердің дамуы мен эволюциясындағы ғылыми жаңалықтар, емдеудің заманауи жетістіктері сөз болды. Жиынға Испания, Жапония, Оңтүстік Корей, Қытай елдерінің білікті дәрігерлері қатысып, озық тәжірибесін бөлісті.
Қалдыгүл Смағұлова, Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институтының бөлім меңгерушісі:
Онкологиямен ауыратын адамдардың саны жылдан жылға көбейе береді. Ертерек келіп қаралуын айтамыз. Скрининг программаларға қатысыңыздар деп айтамыз. Біздің қазіргі алға қойған мақсат – аурудан қайтыс болу көрсеткішін азайту. Ерте сатысында емдеу.
Жазира Оразқызы