Екібастұздағы электр қуатын өнідіретін МАЭС-1 станциясындағы мұржаның жан-жағынан атқылаған қою түтін әлеуметтік желіде тарап кетті. Бейнекөріністі кәсіпорын жұмысшылары түсірген. Олар мұржаның әр жерінен тесіп шығып жатқан қою түтінді көріп, таңданыстарын жасырмады.
Мәселенің мәнісін анықтау үшін станция басшылығына ресми сауал жолдадық. Әзірге үнсіз. Ал біз сарапшы пікірін білген едік. Жұмағали Қоғабаев осы станцияда техникалық қауіпсіздік инженері болып қызмет атқарған.
Жұмағали Қоғабаев, сарапшы:
Төменгі және нөлдік белгіде түтінсорғыш болады. Сол жұмыс істеп тұр деп ойлаймын. Себебі түтін қатты сығыммен, екпінмен сыртқа шығып жатыр. Екінші бір себебі, мұнда жұмысшылар жөндеу жұмыстарын жүргізген кезде ақау жіберуі мүмкін. Содан болуы мүмкін. Үшіншіден, 40 жыл бұрын салынған мұржаның тозуы мүмкін.
МАЭС-1 тәулігіне 4000 МВТ қуат өндіруге қауқарлы кәсіпорын. Осыдан бірнеше жыл бұрын Үкімет тарапынан электр энергетикасы саласын қайта құру бағдарламасы қабылданып, станцияда модернизациялау жұмыстары жүргізілген еді. Сондықтан мұржаның аузынан ғана емес, айналасынан шығып жатқан қою түтінге қатысты кәсіпорын басшылығынан ресми ақпарат күтеміз.
Болат Аманбаев