«Алтын дала» табиғатты қорғау бастамасы әлемдік экологиялық байқауда жеңімпаз атанып, қомақты қаржылай жүлдені ұтып алды. Оңтүстік Африкада өткен шараға Ұлыбритания ханзадасы Уильям қатысып, қазақстандық жобаға жоғары баға берді.
«Алтын Дала» 20 жылдай уақыт бұрын ақбөкендердің жойылып кетуіне жол бермеу мақсатында қолға алынған жоба. Қажырлы еңбектің нәтижесінде киіктердің популяциясы бұрын-соңды болмаған 3 миллион басқа жуықтады.
Вера Воронова, «Алтын дала» табиғатты қорғау бастамасының атқарушы директоры:
Табиғаттың тілін тауып, жағдайын жасасақ, оны қайта қалпына келтіре аламыз. Бірден бір мысал - Қазақстандағы ақбөкендердің санының көбеюі.
Жобаның сәтті жүзеге асуына Қазақстанның биологиялық әралуандылығын сақтау қауымдастығы, халықаралық ұйымдар және Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар министрлігі үлес қосты.
Данияр Тұрғамбаев, ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігінің комитет төрағасы:
Еселі еңбегіміздің өте жоғары бағаланғаны қуантады. Бұл жүлде жұмыстарымызды одан әрі жетілдіруге ынталандырмақ.
«The Earthshot Prize» сыйлығын Ұлыбритания ханзадасы Уильям мен әйгілі тележүргізуші әрі натуралист Дэвид Аттенборо 2020-жылы тағайындаған.
Уильям, ханзада:
Өмірімізді жақсы жағына қарай өзгертуге ұмтылған жасампаздарды қолдағымыз келді. Инновациялық шешімдердің жеделдетіп жүзеге асуына көмектесу басты мақсатымыз.
Байқаудың 15 финалисінің бесеуіне 1 миллион фунттан, яғни 637 миллион теңгеден берілді. Қазақстандық тарап жүлде қорын қоршаған ортаны қорғауға бағытталған жобаларын жетілдіруге жұмсамақ.
Марина Бекенова