Ақтөбе облысында жол апатынан қаза тапқандар саны азаймай тұр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ақтөбе облысында жол апатынан қаза тапқандар саны азаймай тұр

14.11.2024

Ақтөбе өңірінде жол апатынан қаза тапқандар саны азаяр емес. Көлік тізгіндегендер әсіресе, «Самара-Шымкент» тас жолына шығуға жүрексініп қалған. Бүгін облыс орталығына осындай жол апаттарында қирап қалған көліктер әкелініп, жұртшылыққа көрсетілді. Мақсат – жүргізушілерді тас жолда абай боулға шақыру.

Жақсыбек Кемал – Тілші:

«Статистика қорқынышты. Биыл Ақтөбе облысында мыңға жуық жол апаты болған. Салдарынан 137 адам қаза тапты. Жарақат алғандардың саны одан бірнеше есе көп».

Бұл Хромтау ауданының аумағында болған жағдай. «Самара-Шымкент» тас жолында жүк көлігі мен «БМВ» автокөлігі соқтығысқан. Салдарынан төрт адам қаза тапты. Бұл жол апатынан Любовь Бородина екі бірдей баласынан айрылды. Өкініштен өзегі өртенген ана жүргізушілерді әрқашан абай болуға шақырады.

Любовь Бородина - қала тұрғыны:

«Баламнан, қызымнан, келінімнен және болашақ күйеу баламнан айрылдым. Тойға дайындалып отырған едік, оның орнына қаралы дастархан жайылды. Жүргізушілерге айтарым, өмір – бір-ақ рет беріледі, үйде жақындарыңыздың күтіп отырғанын ұмытпаңыз...».

Елде жол апаттарының алдын алу үшін түрлі шаралар қолға алынды. Алайда, қайғылы оқиғалар саны азаяр емес. Ақтөбелік полицейлер бүгін жол апатынан қирап қалған көліктерді тиеп, қала орталығына әкелді. Шараға колледж студенттері де үн қосты. Мақсат – жүргізушілерді сақтыққа шақыру. Биыл облыста 968 жол-көлік оқиғасы болып, 1366 адам зардап шеккен.

Айдос Құлжанов - Жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы:

«Жыл басынан бері халықаралық маңыздағы жолдарда 70 адамның қаза болуымен жол-көлік оқиғалары болды. Оның ішінде шет ел азаматтарының қатысуымен де жол апаттары болып жатыр. Енді жол оқиғасының негізгі себептері – жол қозғалысының қарсы бағытына шығып кету, жылдамдықты шамадан тыс арттыру».

Жол сақшыларының айтуынша, Ақтөбе қаласы мен Қарабұтақ ауылының аралығы қауіпті саналады. Сондықтан бұл аумақта патрульдік полиция қызметі күні-түні қызмет етеді.

Жақсыбек Кемал

Хабарламаларға жазылу