Жылу қазандықтарын жөндеу жұмыстары жылдан-жылға созылып келеді. Сондықтан жоспарға сай атқарылмай жатқан қызметтер мен жобалау шешімдері тиімсіз нысандар бойынша жауапкершілікті күшейту қажет. Депутат Дүйсенбай Тұрғанов Мәжілістің жалпы отырысында осы мәселені көтеріп, Премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Склярға депутаттық сауалын жолдады. Айтуынша, қазанның 13-і күні жылусыз қалған Саран қаласындағы жылу қазандығы 2011 жылдан бері жөнделіп келеді. Содан бері жобалық-смета бойынша жоспарлар бірнеше рет өзгерген. Жөндеу жұмыстарының құны 7 млрд-тан 9 млрд теңгеге дейін өскен. Сол сияқты Павлодар облысы Ақсу қаласындағы жылу қазандығы да жаңғыртылып жатқанына он жыл болған. Бастапқыда жөндеу жұмыстарына 6 жарым млрд теңгеге бағаланса, қазір 11 млрд теңгеге жеткен. Демек мұндай олқылықтарды тыю үшін үкіметке қосымша шешімдерді қарастырып, қабылдау керек дейді Дүйсенбай Тұрғанов.
Дүйсенбай Тұрғанов, Мәжіліс депутаты:
Семейде Қарағайлы шағын ауданындағы жылу қазандығының жобалық-смета жұмыстарында сағатына 2,2 гигакалория ғана өндіретін 10 қазандық қарастырылған. Оның орнына, мысалы, одан да қуаттылау 2-3 қазандық болғаны дұрыс емес пе? Арқалық, Ақтау, Аягөздегі жылу қазандықтарының жөндеу жұмыстары уақытылы және сапалы орындалмай жатқанын байқап отырмыз. Сондықтан жаңадан салынған не жөнделген жылу энергиясы көздерін қыркүйектің біріне дейін қолданысқа беру және қыркүйектің ортасына дейін оларды тексеріп алу сияқты тетіктерді қарастыру қажет деп ойлаймыз.
Қаракөз Тұрмағанбет