Маңғыстауда мыңға жуық тұрғын алаяққа алданды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Маңғыстауда мыңға жуық тұрғын алаяққа алданды

13.11.2024

Маңғыстауда мыңға жуық тұрғын алмаз өндірісіне инвестиция салып, алданып қалды. Олар 2019-ші жылы «Sax Invest» компаниясына әр қайсысы 10 мың АҚШ долларын аударған. Жарнамаға сенген халық сол қаражаттан ай сайын 2% пайда көреміз деп ойлапты. Тұрғындардың сеніміне кіру үшін, компания өкілі әр салымшыға кепілхат берген. Бірақ кейін өзі шет ел асып кеткен.

Гүлшара Бергарина, Ақтау қаласының тұрғыны:

Біз сол кісіге бала-шағамызға деп жинап отырған бүкіл қаражатымызды салғанбыз. Оның бер жағында өзгерістер болып, бізге мынадай міндеттеме қағазын берді. Осындай уақытта қайтарамыз ақшаны деп. Сол қағаз біздің қолымызда. Содан кейін ол кісі хабарсыз кетті. Тек әлеуметтік желіден ғана бақылаймыз Анголада жүргенін. Соған сеніп осы уақытқа дейін отырдық.

Қаржылық мониторинг агенттігінің мәліметінше, аталған компания халықтан 9 миллиард теңгеге жуық қаражат жинап алған. Астанада қылмыстық іс қозғалып, қаржы пирамидасын ұйымдастырушылардың бірі қамауға алынды. Алайда маңғыстаулықтар істің «алаяқтық» бабымен Ақтауда тергелуін сұрайды.

Данияр Төлегенов, Маңғыстау облыстық прокуратурасының басқарма басшысы:

Осы іс бойынша аталған органмен күдікті тұлғалар ұсталды. Бұдан басқа тергеу әрекеттері тағы да жалғасуда. Сонымен қатар бүгін Маңғыстау облысы прокуратурасының басшылық құрамымен осы салымшыларға жеке қабылдау жүргізілді, тиісті заңды түсіндірме берілді.

Аягөз Оралбайқызы

Хабарламаларға жазылу