Мемлекет басшысы Ислам Даму Банкінің президенті Мұхаммед Сулейман әл-Джассерді қабылдады. Қазақстан Президенті биыл қыркүйек айында Астанада өткен Араб үйлестіру тобының дөңгелек үстел форматындағы басқосуының қорытындысына жоғары баға берді. Мемлекет басшысы «Климат өзгерісіне төзімді су ресурстарын дамыту» жобасы бойынша қаржылық және техникалық келісімнің бірінші фазасына қол қойылғанын айтты.
Аталған жобаны іске асыру Қазақстанның 7 облысында 8 су қоймасы мен жалпы ұзындығы 3450 шақырым болатын 115 каналды, 1 қарсы реттегішті салуға және жөндеуге мүмкіндік береді. Бұл еліміздің аграрлық саласында 332 мың гектардан астам алқапты сумен үздіксіз қамтамасыз етеді.
Жалпы Ислам Даму банкімен 1,153 млрд доллардың келісімі жасалып, 3,5 миллион доллар көлемінде грант берілетін болды. Бұл – банктің 51 жылдық тарихындағы ең көлемді қаржыландыру жобасы.