Ақтөбе облысында жайлы мектептің құрылысы тоқтап қалды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ақтөбе облысында жайлы мектептің құрылысы тоқтап қалды

12.11.2024

Ақтөбе облысының Кенқияқ ауылында салынып жатқан алты жүз орындық жайлы мектептің құрылысы орта жолдан тоқтап қалды. Өйткені, су жаңа ғимараттың қабырғалары жарылып, іргетасы сөгітіле бастаған.

Бұл жобаның құны 4 миллиард, 875 миллион теңге. Құрылысқа жауаптылар жұмысынан шеттетілді. Инженерлер де түгел ауыстырылған. «Samruk-Kazyna Construction» Акционерлік қоғамының хабарлауынша, тәуелсіз сарапшылардан арнайы комиссия құрылып, тексеріс жүріп жатыр. Қазірдің өзінде мамандар құрылыс стандарттарына сай келмейтін бірнеше олқылықты анықтады. Белгілісі, кезінде жайлы мектепті салу үшін жарияланған байқауға бірде бір компания қатыспаған. Сондықтан, құрылыс жұмыстары серіктестіктердің біріне сеніп тапсырылған. Енді ғимараттың тірек элементтерін күшейтіп, өзге де ақауларды жою үшін астаналық тәжірибелі компания тартылды. Барлық шығындар мердігер мекеме есебінен өтеледі.

Нұржан Жандос, мердігер мекеме өкілі:

Мекеменің ішінде өзіміздің ішкі тексеріс жүріп жатыр. Ойымызша, біріншіден бұл ИТР составтың өткізіп алуы. Екінші, осы жұмыстар жасалған кезде сапасыз материалдар қолданылды деп ойлаймыз.


Жақсыбек Кемал

Хабарламаларға жазылу