Кіші Аралға құйылатын судың көлемі ұлғаяды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Кіші Аралға құйылатын судың көлемі ұлғаяды

11.11.2024

Қызылорда облысындағы Кіші Арал теңізіне құйылатын судың көлемі артып келеді. Өткен жылдың күзінен бүгінге дейін айдынға 2 миллиард текше метрге жуық су жіберілген. Жағалаудан 500 метрге тартылған теңіз қайта тола бастады. Өңірдегі тілшіміз Әділбек Серікұлы балықшылармен бірге теңізге шығып, ауыл жұртының тыныс-тіршілігін көзбен көріп қайтты.

Әділбек Серікұлы, тілші:

Бүгінде теңіздің деңгейімен бірге балықшылардың да еңсесі көтерілген. Несібесін су айдынынан тапқан аралдықтар биылғы олжа жылдағыдан жоғары деп отыр.

Бір кездері айдында балық қоры азайып, ауға ештеңе ілінбей құр қайтқан кездер көп болды дейді тұрғындар. Биыл мол су келіп, Кіші Аралда тіршілік жанданған. Теңізден су маржанын сүзген балықшылардың ауызы майланып, күнкөрісі түзеліп келеді. Ата кәсіпті нәсіп етіп отырған жұрт енді бірер жылда теңіздің ернеуі толатынына сенеді.

Қылышбек Байбосынов, балықшы:

Су келген соң балық көбейеді деп отырмыз. Қуаныныштымыз. Балықшылар балық аулап, күнін көреді.

Жалпы егін маусымында тамшы су келмейтін Кіші Аралға биыл жаз бойы секундына 30 текше метр су жіберілді. Сырдрияның суын егінге үнемді пайдаланудың арқасында теңіз де еншісін алды. Қазір аудандағы ірі көлдер жүйесіне де су жетіп, жан-жақта балық шаруашылығы қайта жанданып жатыр.

Күнтуған Тұрғанбаев, Қаратерең ауылының тұрғыны:

Мына су келгеннен бері ауылдан балдар сыртқа кетіп қалып еді. Қайтып келіп жатыр. Бізге су болса болды. Көшпей, осы жерде тіршілік етіп отыра берсек дейміз.

Елімізде Су министрлігі құрылғалы транс-шекаралық өзендер бойынша мемлекетаралық келісімдер өз нәтижесін бере бастады. Мамандар Кіші Аралға соңғы төрт жылда келмеген су жіберілді дейді. Теңіздің суы қазір 22 миллиард текше метрге жетіп, деңгейі біршама көтерілді.

Қайрат Сәрсенбаев, «Арал-Сырдария» бассейндік инспекциясының басшысы:

Вегетация кезеңі өткеннен кейін Аралға су жіберуге тырысып, қазір 50 кубтың үстіне секундына су беріліп жатыр. Қазір енді 400 куб метр су Шардарадан тасталды. Соны әрі қарайда көтеру біздің болжамымызда бар. Реті келетін болса 2,5 млрд-қа дейін жеткізуге жұмыс жасаймыз деген жобадамыз.

Теңізді өлкенің балықшылары жыл басынан бері 5800 тоннаға жуық балық аулаған. Соның 70 пайызға жуығы зауыттарда өңделіп, 2 мың тонна дайын өнім экспортқа шығарылды.


Әділбек Серікұлы


Хабарламаларға жазылу