Еліміздің басым бөлігінде ауа райы күрт бұзылды. Жолдардағы көлік қозғалысы қиындап, коммуналдық қызмет күшейтілген режимде жұмыс істеуге кірісті. Синоптиктердің алдағы күндерге болжамы да көңіл көншітпейді. Полиция және төтенше жағдайлар қызметі халыққа дүркін-дүркін ескертулер жариялап жатыр.
Бас қаладағы коммуналдық қызмет тәулік бойы тоқтамай қар тазалап жатыр. Әкімдіктің ақпаратына сай бүгін 1300 арнайы техника және 2400 жұмысшы қала көшелерінде жүр. Бір аптаның ішінде 57 мың текше метр қар қала сыртына шығарылған. Ережеге сай, ең алдымен үлкен көшелер мен өте қарқынды қозғалыс аймақтары тазартылады.
Әнуар Магалов, «Астана тазалық» мекемесінің өндірістік техника бөлімінің бас маманы:
«Астана тазалық» мекемесі Астана қаласының 40 пайыз көшелерін тазалайды. 6 қарашадан бері 16 тоннаға жуық қар шығарылды. Көктайғақ жағдайларында 1700 тонна химиялық қоспалар шашылды.
Түні бойы түскен қар әлі толық тазартылып болмады. Астана қаласының өзінде өткен демалыс күндері 200-ден астам жол-көлік оқиғасы тіркелген.
Оңғар Алпысбайұлы, тілші:
CTS компаниясының мәліметі бойынша қала көшелеріндегі қозғалыс баяулаған. Яғни, автобустар кешігіп келуі мүмкін. Аялдамада ұзақ тұрып, тоңып қалмау үшін жылы киініп жүргендеріңіз жөн. Айтпақшы бүгін таңертең қала маңындағы ауылдарға қатынайтын №315,316,327 бағытындағы автобустар жолушы тасымалдауларын уақытша тоқтатты. Өзге бағыттарда өзгеріс жоқ.
Соңғы 2 күнде Абай, ШҚО, Ақмола, Қарағанды, Павлодар, Қостанай, Жетісу облыстарында қалааралық бірнеше жол учаскесі жабылған. Шығыстағы бірнеше жолға жүк көліктерінің шығуына тыйым салынған. Дегенмен жағдай сағат сайын өзгеріп жатыр.
Сәкен Ділдахмет, «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясының ресми өкілі:
Еліміздің республикалық жолдарын қысқы күтіп ұстау жұмыстарына 740 арнайы техника мен 1800 жолшы маман жұмылдырылды. Яғни мамандар қазір респубикалық жолдарды қардан тазалап, көктайғаққа қарсы құм тұз секілді арнайы материалдарды төсеуде.
«Қазгидромет» алдағы күндері ауа райы оңалмайтынын болжап отыр.
Кәмшат Катауф, «Қазгидромет» РМК инженер-синоптигі:
Республиканың барлық дерлік аумағында ауа райының тұрақсыз сипаты сақталады. Қар жауады. Қазақстанның оңтүстік батысында, оңтүстігінде, оңтүстік шығысында қар мен жауын-шашын болжанады. Елдің солтүстігінде, шығысында және бұрқасын, көктайғақ құбылыстары елдің басым бөлігінде екпінді жел күтіледі.
Оңғар Алпысбайұлы, тілші:
Рсепубликалық маңызы бар жолдың бойында қар құрсауында қамалып қалсаңыз, көлігіңіз тайып, жол шетіне шығып кетсеңіз немесе басқа да қиын жағдайға тап болсаңыз 1403 нөміріне хабарласып, көмек сұрауыңызға болады. «ҚазАвтоЖол» сізге көмек көрсетуге міндетті. Ал ең дұрысы сапарларыңызды алдын ала жоспарлап, ауа райының қандай болатынын ескергеніңіз дұрыс.
Оңғар Алпысбайұлы