Швецияда «Ұшатын паром» қолданысқа берілді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Швецияда «Ұшатын паром» қолданысқа берілді

11.11.2024

Швецияда жолаушыларға арналған электр кеме көлік кептелісін азайтты. Оның үстіне заманауи паром адамдарды қалаған жеріне жылдам жеткізеді. Ал Германияда дизельсіз жүретін трактор сынақтан өтіп жатыр. Бәрі ойдағыдай болса, экологиялық таза техника санаула айда қолднысқа беріледі.

Швеция астанасы Стокгольм суларында электр қуатымен жүретін паром қатынай бастады. Батареяларға қоса, су көлігінің су асты қанаттары бар. Сондықтан «ұшатын паром» деп аталып кеткен. «Кандела» компаниясы құрастырған электр кеме жылдамдығын сағатына 55 шақырымға дейін арттыра алады.

Густав Хассельског, «Кандела» компаниясының басшысы:

Жалпы алғанда жолаушылар паромдарының бір тұсы – олар отынды көп тұтынады. Демек қымбатқа шығады. Ал біздің технология арқылы энергия шығынын 75 пайызға азайтуға болады. Қалалар арасында қатынау уақыты едәуір азаяды. Мұның үстіне қоршаған ортаға ешқандай зиян тигізбейді.

Мысалы эко-пароммен Стокгольм орталығынан Экеро аралына 35 минутта жетуге болады. Ал құрлық арқылы бұл аралыққа әдетте екі есе көп уақыт кетеді. Тағы бір қолайлы тұсы – су көлігінің қозғалтқышының дыбысы да қатты емес. Заманауи кеме цифрлық жүйе арқылы басқарылады.

Густав Хассельског, «Кандела» компаниясының басшысы:

Мұндай көліктің әлеуеті зор. Ауаны ластамайтынына қоса, ол қала жолдарындағы көлік кептелісін азайтуға үлес қосады.

Ал Германияның Бавария жерінде дизельмен емес, электр батареяларымен жүретін трактор құрастырылды. Мұндай техника экологияға таза болуымен қатар шаруалардың отын сатып алуға кететін шығынын азайтады. Әзірге ол Франц Оберайзенбухнер есімді фермердің шаруашылығында 1 жылдай сынақтан өтіп жатыр. Трактор екі аккумулятормен жұмыс істейді. Қуаты 10 сағатқа жетеді.

Франц Оберайзенбухнер, фермер:

Ферманың төбесінде күн батареялары бар. Трактор солардан қуаттанады. Бұдан былай жанар-жағармай станциясына барып, дизель отынын сатып алу қажет емес. Ақша, уақыт үнемдейді.

Электрмен жүретін трактор сынақтан сәтті өтсе, келесі жылдың соңына таман көптеп шығарылып, қолданысқа беріледі.

Арай Төлегенқызы

Хабарламаларға жазылу