Маңғыстау облысы Аташ ауылындағы жағалау түгелдей жекеге өтіп кеткен
Маңғыстауда Баутино, Аташ ауылдарындағы теңіз жағалауы түгелге жуық жекенің меншігіне өтіп кеткен. Соның салдарынан қарапайым тұрғындардың тынығып, суға шомылатын жері жоқ. Халық күні кешеге дейін 100 метрлік аумақты пайдаланған. Алайда оның да иесі шығып, құрылыс бастайтынын жеткізді. Аягөз Оралбайқызы тарқатып айтады.
Аташ елді-мекені - Түпқараған ауданында теңіздің жағасында орналасқан. Ауыл тұрғыны Аманғали Ақбаев теңіздің іргесінде отырып, халыққа ұлтарақтай жердің қалмағанына қынжылады. Осы кезге дейін олар алақандай аумақта суға түсіп, жағалауды өз күштерімен абаттандырып алған. Алайда, бір апта бұрын жердің иесі келіп, босатуды талап етіпті.
Аманғали Ақбаев, Аташ ауылының тұрғыны:
Талабымыз – осы жағажайды халықтың игілігіне қарай алып берсе екен жоғары жақтағылар. Бұл жердің осы бәрі мәнеки мотор оңдайтын мекеме, оңымыз да, солымыз да. Мына жерге енді халықтың демалып, жазда балалардың түсуіне мүмкіншілік болмай тұр.
Аталған жағалау кәсіпкер Дәурен Зәкиевтің жекеменшігіне 2006 жылы берілген. Ол жерді игеруді енді қолға алмақ. Порт салуды жоспарлап отыр.
Дәурен Зәкиев, жеке кәсіпкер:
Мемлекеттік актіге сәйкес жердің нысаналы мақсаты – теңіз операцияларына арналған база салу. Екі жағымызда дәл сондай порттар жұмыс істеп тұр. Ескеретін жәйт, тәуелсіз эколог сарапшының зерттеуі бойынша, сол 2 базаның санитарлық арақашықтығы 500 метр. Сондықтан бұл жағажайды демалыс орны ретінде пайдалануға болмайды.
Әкімдіктегілер жағалау 2013 жылы аудан әкімінің қаулысымен жеке меншікке рәсімделгенін, ал 2020 жылы Баутин ауылы әкімінің шешімімен тұрғындар демалатын орын салуға берілгенін жеткізді. Сондықтан қазір теңіз жағасының нақты кімдікі екені белгісіз.
Саламат Елжанов, Түпқараған ауданы әкімінің орынбасары:
Мекеменің көтеріп жүрген мәселесіне байланысты әлі әкімдікке ол мекеме тарапынан ешқандай сұрау, өтініштер келіп түскен жоқ. Қазіргі таңда тұрғындардың өтінішін қанағаттандыру мақсатында, аталған жер учаскесіне байланысты құжаттар жинақталып, мемлекеттік жер инспекциясына толық тексеріс жүргізу үшін, құжат толықтай жолданатын болады.
1400-ге жуық тұрғыны бар Аташ Баутин ауылына қарасты елді-мекен. 1 шақырымдай жағалауы бар. Соның барлығы жекеге өндірістік базаларға берілген.
Аягөз Оралбайқызы
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы
