Ақтөбе облысында Қорғаныс министрлігіне тиесілі тікұшақ құлап, бір адам қаза тапты. Тағы екі екипаж мүшесі ауыр жарақат алған. Алдын ала болжам бойынша, әуе көлігі апатына техникалық ақау себеп болған. Оқиғаның мән-жайын осы өңірдегі тілшіміз Жақсыбек Кемал баяндасын.
Оқиға сағат 11 жарымның шамасында болды. Әуе қорғаныс күштері әскери институтының Ми-8 тікұшағы оқу-жаттығу тапсырмасын орындау кезінде құлады. Бортта үш адам болған. Оның бірі оқиға орнында қаза тапса, екеуі шұғыл түрде облыстық ауруханаға жеткізілді. Дәрігерлердің айутынша, науқастардың жағдайы ауыр. Олардың бірінің кеуде сүйегі сынған, денелерін күйік шалған.
Азамат Тұрышев, облыстық Жедел жәрдем ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары:
Біреуінің мойын омыртқасы сынған. Сосын пневматоракс бар, күйгені бар, екі қолынан. Бірінші дәреже. Ауданы бір пайыз болады. Сөйлейді, есінде. Қазір уақытша реанимацияда жатыр олар.
Қаза тапқан ұшқыштың жасы отыз алтыда. Ақтөбе қаласынан. Әуе қорғанысы күштерінің қолбасшылығы мен облыс әкімдігі тарапынан марқұмның туыстарына, сондай-ақ зардап шеккендерге қажетті көмек көрсетіледі.
Жолдас Батырхан, облыс әкімінің орынбасары:
Көңілімізді білдірдік. Облыс әкімдігі тарапынан барлық қолдаулардың жасалатынын жеткіздім. Әрине, қазіргі таңда аталған мәселе бойынша іс қозғалды.Тиісті шешімдер шығарылатын болады.
Қазір оқиғаның мән-жайы анықталуда Ведмствоаралық жедел топ құрылды. Әскери прокуратура оқиғаға қатысты қылмыстық іс қозғады.
Жақсыбек Кемал